Мәжіліс депутаттарының жұбайларына тиесілі кіріс сомасы қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің сайтында кейбір депутаттардың жұбайларына тиесілі кіріс сомасы жарияланды.
Атап айтқанда, көпшілік назарына есепті салық кезеңі ретінде 2024 жылғы деректер ұсынылған. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жұбайы Гүлжан Абауованың кірісі 2024 жылы 1,5 млн теңге болған.
Палата төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның 2024 жылғы дербес салық салуға жататын табыстары туралы мәліметтері орналастырылмаған.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасының тағы бір орынбасары Альберт Раудың жұбайы Светлана Раудың аталған кезеңдегі кірісі 10,8 млн теңге болған.
Депутат Анас Баққожаевтың жұбайы Әлия Отарбаеваның табысы 4,3 млн теңге сомасында көрсетілген.
Ал Ерлан Барлыбаевтың жұбайы Ғалия Барлыбаеваның есепті салық кезеңіндегі деректерінде кіріс ретінде 528 млн теңге жазылған.
Мұнымен қоса, Бауыржан Смағұловтың жұбайы Гүлмира Дюсебекованың кірісі 48 млн теңге сомасында белгіленген.
Айта кетейік, Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің жұбайы 2024 жылы 88 млн теңгеден астам табыс алған.
Бұған дейін Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында табыс декларациясын тапсырудың тәртібі өзгеретінін айтқан болатын.