Мәжіліс еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң жобасын мақұлдады

Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM —Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, оны қабылдаған жағдайда мынадай нәтижелерге қол жеткізіледі:

- 1 млрд АҚШ доллары көлемінде жаңа инвестиция тартылады;

- аз зерттелген аумақтардың жер қойнауын барлауға және игеруге жол ашылып, жаңа геологиялық ақпарат алынады;

- көмірсутек саласында инвесторлар мен ұлттық компаниялар үшін тең жағдай орнатылады;

- геологиялық барлау мен өндіру арасындағы алшақтық қысқартылып, ресурстар өнеркәсіптік айналымға тез енгізіледі;

- уран саласындағы ұлттық компанияға уранды барлау бойынша басымдық құқығы беріледі.

- Бүгін қаралып отырған заң жобасы — еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін, инвестициялық тартымдылығын және геологиялық ғылымның жаңа деңгейін қамтамасыз ететін стратегиялық құжат. Сонымен қатар, бұл заң – Қазақстанның табиғи байлығын ұлт игілігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам, - деді депутат.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Мәжіліс көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері көзделген заң жобасын қарап жатыр.