Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, оны қабылдаған жағдайда мынадай нәтижелерге қол жеткізіледі:
- 1 млрд АҚШ доллары көлемінде жаңа инвестиция тартылады;
- аз зерттелген аумақтардың жер қойнауын барлауға және игеруге жол ашылып, жаңа геологиялық ақпарат алынады;
- көмірсутек саласында инвесторлар мен ұлттық компаниялар үшін тең жағдай орнатылады;
- геологиялық барлау мен өндіру арасындағы алшақтық қысқартылып, ресурстар өнеркәсіптік айналымға тез енгізіледі;
- уран саласындағы ұлттық компанияға уранды барлау бойынша басымдық құқығы беріледі.
- Бүгін қаралып отырған заң жобасы — еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін, инвестициялық тартымдылығын және геологиялық ғылымның жаңа деңгейін қамтамасыз ететін стратегиялық құжат. Сонымен қатар, бұл заң – Қазақстанның табиғи байлығын ұлт игілігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам, - деді депутат.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Мәжіліс көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері көзделген заң жобасын қарап жатыр.