Мәжіліс эндаумент қор туралы заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс эндаумент қор туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Құжатты таныстырған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл құжат елдегі қайырымдылық мәдениетінің деңгейін көтеретініне сенімді.
— Заң жобасының тағы бір мақсаты — қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру. Қазіргі таңда өзіміз көріп отырмыз, көптеген қор ашылып жатыр. Түрлі-түрлі себептерге, батырдың құрметіне, танымал тұлғаның құрметіне, көше атауын өзгертуге арналған қорлар ашу әдетке айналды. Шын мәнінде қайырымдылық — жақсы нәрсе. Сенімділік, бауырмалдық жағынан пайдалы. Бірақ оны бір жүйеге келтіру керек. Эндаумент қор туралы заң қолданысқа енген кезде осындай қорлар үшін де ашық принциптерге негізделген, құрылтайшылар мен салымшылар аудит жүргізе алатын платформа қалыптасады, — деді Саясат Нұрбек.
Айтуынша, құжатта эндаумент қор құруға болатын салалар белгіленді.
— Бұл — білім беру, денсаулық сақтау, бұқаралық спорт және мәдениет салалары. Осы салалардан қазіргі таңда бюджетке үлкен ауыртпалық түсіп жатыр. Сондықтан бұл заңның қабылдануы бюджетке кішкене жеңілдік беріп, жеке инвесторлардың қаражатын әлеуметтік мәселелерге бағыттауға мүмкіндік ашылар еді, — деді министр.
Сондай-ақ, ол эндаумент қор туралы заңның Назарбаев қорларына қатысы жоқ екенін атап өтті.
Құжатта эндаумент қорға салған жарналарды салықтан босату ұсынылған.
Бұған дейін оқырман назарына аталған заң жобасының басты жаңашылдықтары туралы сұхбат ұсынған едік.