Мәжіліс ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заңды қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қабылданды.
- Аталған құжатқа Сенат Парламентінің депутаттары бастамашылық жасап, осы жылдың 23 сәуірінде Парламент Мәжілісі бірінші оқылымда мақұлдады. Заң орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленді, - деді Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин.
Заң жобасының негізгі нормалары:
- ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылысжайларын және селден, қар көшкіндерінен, көшкіндерден қорғау құрылысжайларын салу, сондай-ақ олардың жұмыс істеуі үшін суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бейініндегі ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжірибелік алқаптарының жерлерін, орман және су қорын алып қоюға рұқсат беруге;
- ауылды елді мекендердің немесе әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым объектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін ауыстыруға;
- қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар мемлекеттік органдардың құзыретін белгілеу;
- Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының арнайы бөлінген учаскелерінде жергілікті халықтың мұқтажы үшін шөп шабу мүмкіндігі мәселесін уәкілетті органның белгілеген тәртіппен шешуге бағытталған.
Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар келесідей түзетулер енгізді:
- ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылғанға немесе кеңейтілгенге дейін салынған денсаулық сақтау, білім беру объектілерінің, зираттардың, тазарту құрылысжайларының, электр беру желілерінің жұмыс істеуі үшін олардың нысаналы мақсатын өзгертпей, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыруға рұқсат беру мүмкіндігін қарастыру. Бұл ретте олардың нысаналы мақсаты өзертілмейді;
- ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік объектілердің қызметін қамтамасыз ету үшін жол, көпір, байланыс және өзге де инженерлік инфрақұрылымды жобалау, салу және пайдаланудың тәртібін белгілеу;
- орман шаруашылығы саласының мамандарына шөп шабуға және мал жаюға жер телімдерін беру;
- табиғи өрттерді сөндіру үшін жанар-жағармай материалдары мен авиаотын резервін құру.
- Астана қаласының орман саябақ аймағы жерлерін басқару және пайдалану тәртібін белгілеу.
- Сонымен бірге, Комитет депутаттары азаматтық қызметшілерге жатпайтын және табиғатты қорғау мен орман қорғау қызметін жүзеге асыратын жұмыскерлердің еңбегін реттеу жөніндегі Еңбек кодексіне түзетулер енгізді. Аталған заң аясында 4 кодекске және 8 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі, - деді депутат.
Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде ерекше қорғалатын 6 табиғи аумақ құрылады.