Мәжіліс газбен жабдықтау мәселелеріне қатысты заң жобасын қарайды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелеріне арналған жаңа заң жобасын талқылайды. Сондай-ақ халықаралық 2 келісімді жұмысқа қабылдайды.

Коллаж: Kazinform/ Canva

Айта кетейік, 6 ақпанда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро отырысында жалпы отырыс күн тәртібінің жобасы нақтыланды. Соған орай депутаттардың қарауына бірінші оқылымдағы Мәжіліс әзірлеген газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңнамалық түзетулер енгізіледі.

Заң жобасы газды ұқыпты тұтынуға ынталандыруға, цифрландыруға және оны ішкі нарықта есепке алудың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Фото: «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ

Құжатта жеке газ тарату ұйымдарының қызметін мемлекеттік реттеу, тариф белгілеу әдістерін өзгерту, газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператордың бақылауын күшейту қарастырылған. Тиісті өзгерістер «Мемлекеттік мүлік туралы», «Газ және газбен жабдықтау туралы», «Табиғи монополиялар туралы» және «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдарға енгізіледі.

Елімізде газ тұтыну көлемінің артып келе жатқанын және газ өңдеу зауыттарының әлеуетін еселеу қажет екенін ескере отырып, геологиялық барлау мен құрылыс жұмыстарын жандандыруға баса назар аударылған. Газ инфрақұрылымын кеңейтуге, соның ішінде Астана қаласы мен агломерациясын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге басымдық беріледі.

Талдықорған – Үшарал газ құбырының іске қосылуы өткен жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі саналады. Бұл жұмыс межеленген мерзімнен 1 жыл 4 ай бұрын аяқталды. Аталған газ құбыры Жетісу облысындағы 84 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, өңірдегі газдандыру деңгейін 76 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісін тарту, Қашағанда жылына 1 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт салу қолға алынды.

Фото: Pexels

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша газ саласының ресурстық базасын дамыту үшін Жамбыл облысындағы «Малдыбай» кен орнында жұмыс жүргізіліп жатыр. Амангелді тобының құрамындағы «Бархан» кен орны іске қосылды.

Жалпы отырыс барысында депутаттар Сербия Республикасымен әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы, Түрікменстанмен арадағы жолаушылар мен жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдау туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа алады.

Айта кетейік, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау туралы заң екінші оқылымда қабылдап, ЕАЭО аясында Моңғолиямен жасалған уақытша сауда келісімі ратификациялаған еді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жұмысшылардың құқықтарын қорғау бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мақсатында әзірленді және еңбекті қорғауды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

— Заңда Келісу комиссиясының қызметіне делдалды тартуға, ұжымдық шартта жалақының ең жоғары және ең төменгі мөлшері арасындағы жол берілетін арақатынас туралы ережені белгілеуге қатысты, сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін айқындау қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер енгізілді, — деді депутат Ерлан Саиров.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Құжат бойынша жұмыс барысында депутаттармен келесі түзетулер енгізілді:

– ұжымдық келісімшартқа жұмысқа байланысты апаттар жағдайларын қоса алғанда, жәрдемақы және өтемақылар төлеу тәртібі туралы норма енгізілді;

– еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау маманы ұйымның бірінші басшысына тікелей бағыныштылығы белгіленіп, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге жауапкершілік басшыға жүктелуі айқындалды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік қаулысын іске асыру үшін Әлеуметтік кодекске жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде жұмыс істемейтін әкеге жас балаларды күту уақытын еңбек өтіліне есепке жатқызуға қатысты нақтылаулар енгізілді.

Фото: Монцамэ

Ал Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісімі ЕЭАО елдері мен Моңғолия арасында 367 тауарларға қатысты импорттық кедендік баждарды жоюды көздейді. Келісім 3 жылға жасалады және тағы 3 жылға автоматты түрде ұзартылады.

Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Жанель Кушукованың айтуынша, құжат техникалық, сонымен қатар санитарлық, фитосанитарлық шаралар, кедендік ынтымақтастық, ішкі нарықты қорғау шаралары сияқты басқа да сауда мәселелерін қамтиды.

— Бұл келісім Моңғолия нарығына тауарларды шығару үшін қолайлы жағдайлар жасайды. Келісімді ратификациялау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаржы шығындарын қажет етпейді, — деді ол.

Отырыс соңында депутаттар әлеуметтік және экономикалық өзекті мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 15 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Үкімет басшысының орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атына сауал жолдаған депутат Магеррам Магеррамов Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу үшін мемлекеттік білім беру онлайн-порталын іске қосуды ұсынды.

— Мемлекет мектеп жүйесінің өзінде барлық мектеп түлегі үшін ҰБТ-ға дайындалуға теңдей әрі әділ жағдайлар жасау жауапкершілігін өзіне алуы тиіс, — деді Магеррам Магераммов.

Фото: Өңірлік білім беру мекемелері

Ал Нұргүл Тау балалар лагерьлерін лицензиялауды 2026 жылдың жазына дейін толық енгізу қажет деп есептейді.

— Елімізде жыл сайын тек жаз айларында көтеріліп, маусым аяқталған соң қайта ұмыт қалатын өзекті мәселе бар. Ол — балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және балалар лагерьлерінің қауіпсіздігі мен қызмет сапасын мемлекеттік деңгейде жүйелеу. Мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы республикада жыл бойы жұмыс істейтін 17 сауықтыру орталығы қызмет көрсеткен. Онда 19 мыңға жуық бала демалған. Тек 2 орталық қана жекеменшік иелігінде. Сондай-ақ, 192 маусымдық лагерьде 225 мың бала демалған. Оның 120-сы — мемлекеттік, 72-сі — жеке меншік лагерь, — деді депутат.