Ғылым саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген Заңда жергілікті атқарушы органдарға ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру құқығын беру көзделген. Атап айтқанда, өңірдің басым бағыттары бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды ұйымдастыру және іске асыру бойынша құзыреттер енгізілді.
Сондай-ақ, құжатта жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінде ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысатын педагогтерге, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғылыми қызметкерлерге негізгі жалақыға қосымша ақы белгілеу жөніндегі нормалар көзделді.
Заң қолданыстағы заңнамаға «ғылыми әдеп» ұғымын енгізді, Сондай-ақ уәкілетті органның ғылыми әдептің үлгілік қағидаларын әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттіктерін айқындады.
Мұнан бөлек құжатта жер қойнауын пайдаланушылар субъектілерінің қаражаты есебінен іске асырылатын ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды жүргізу тәртібі регламенттелді.
Мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер беруге, сондай-ақ жатақханада тұрғын үй алуға басым құқық беру туралы нормалар енгізілген.
Депутаттар заңды қабылдап, Сенат қарауына жіберді.