Мәжіліс ХВҚ-мен арадағы меморандумды ратификациялады

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық валюта қоры арасындағы Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығына қатысты өзара түсіністік жөніндегі меморандумды ратификациялау туралы» Заң қабылданды.

Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, меморандумның ережелері орталықтың Алматы қаласындағы кеңсесінің жұмыс істеуі мен орналасуы, сондай-ақ орталық қызметкерлерінің Қазақстанда болу шарттарын регламенттейді.

Атап айтқанда:

- Орталықтың құрылымы және штаттық құрамы;
- Орталықтың басқару органдары;
- Орталықтың оқу бағдарламаларына қатысу тәртібі;
- Орталық пен оның қызметкерлеріне берілетін иммунитеттер мен артықшылықтар.

- Бұл – Қазақстандағы халықаралық ұйымдардың қызметі туралы келісімдерге арналған стандартты ережелер жиынтығы. Халықаралық валюта қорының орталығының Қазақстанда орналасуы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп, экономикалық саясат пен мемлекеттік басқару саласындағы ұлттық институционалдық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін ХВҚ орталығы – консультациялар, кәсіби білім беру және экономикалық семинарлар алаңы ғана емес, сонымен қатар стратегиялық ресурс. Бүгінде орталық 100 миллионға жуық халқы бар 9 елді біріктіреді және ХВҚ-ның жаһандық желісінің бір бөлігі саналады, - деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде орталық жұмысын бастап кетті. 615-тен астам іс-шара өткізілді. Бүкіл өңірден 4 670 маман, оның ішінде Қазақстаннан 1370 маман оқудан өтті. Ұлттық банктің бастамасымен Қазақстанның мемлекеттік органдары үшін арнайы семинарлар өткізу жұмысы айтарлықтай күшейді. Атап айтқанда, макроэкономикалық талдау және макрофискалдық саясат, сондай-ақ экономикалық өсу мен тұрақтылық бойынша тренингтер мен семинарлар өткізілді.

- Жаһандық белгісіздік жағдайында ұлттық экономиканың орнықтылығы мемлекеттік институттардың тиімділігімен және адами капитал сапасымен қамтамасыз етіледі. Осы тұрғыда орталықтың қызметі – елдің қаржы жүйесінің институционалдық жетілуіне тікелей инвестиция саналады. Меморандумды ратификациялау орталықтың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық негізді қалыптастырады. Ол экономика және қаржы мәселелері бойынша Қазақстанның өңірдегі көшбасшы позициясын жүйелі түрде арттырады, - деді Тимур Сүлейменов.

Бұған дейін ХВҚ-ның Алматы орталығы Қазақстанға қандай пайда әкелетінін жазған едік.