Мәжіліс Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосатын құжатты мақұлдады

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын құру туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заң қабылданды.

ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейілдің айтуынша, Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры 6 мемлекет тарапынан 2009 жылы дағдарысқа қарсы аймақтық механизм ретінде құрылды.

Қазақстан мен Ресей - бұл қордың донорлары. Қордың негізгі міндеті – бюджетті қолдауға және базалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ірі мемлекеттік жобалар мен әлеуметтік секторға тұрақтандырушы қаржыландыруды қамтамасыз ету.

- Жинақталған тәжірибе мен әлемдік экономикалық саясаттағы өзгерістерді ескере отырып, қордың қызметін қайта қарау қажет. Хаттамаға сәйкес, келесідей түзетулер енгізіліп отыр. Олар: қорды толыққанды дербес халықаралық ұйымға айналдыру, қордың штаб-пәтерін Астана қаласында ашу, жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру үшін ұлттық валюталарды пайдалану, техникалық көмекті ұсыну, қорда дауыс беру принципін анықтау. Бұл тұрғыда қорды толыққанды дербес халықаралық ұйымға айналдыру қордың жұмысын жандандыруға мүмкіндік береді. Жаңа мәртебені алу арқылы қордың қызметі Қазақстанның экономикасына да елеулі үлес қосады деген сенімдеміз, - деді Д. Кеңбейіл.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжіліс депутаттары «Жасанды интеллект туралы» негізгі заң мен екі ілеспе заңның жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.