Мәжіліс Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестицияларды қорғау туралы заң қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды.

Фото: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі

Аталған Келісімге 2025 жылғы 16 маусымда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астана қаласына сапары барысында қол қойылды.

- Бұл Келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы 1992 жылғы 10 тамыздағы қолданыстағы халықаралық шартты өзектендіріп, екі мемлекеттің арасындағы инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтеді, неғұрлым жетілдірілген қорғау тетіктері мен кепілдектерді ұсынады, сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтереді. Халықаралық шарт инвесторларға құқықтық кепілдіктер беріп қана қоймай, инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін ашық және болжамды жағдайларды қамтамасыз етеді. Ол экспроприациядан қорғау, халықаралық арбитражға қол жеткізу, инвесторларға әділ әрі тең құқылы көзқарас бойынша ережелерді бекітеді, - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, екі ел арасындағы қатынастар жан-жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті.

2025 жылы Қытайдан тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2,8 млрд АҚШ долларын құрады, бұл оның алдындағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4 есе жоғары (2024 жылы – 1191,5 млн АҚШ доллары).

- 2005 жылдан бастап 2025 жылға дейін Қытайдан тартылған инвестицияның жалпы көлемі 29,3 млрд АҚШ долларын құрады. 2025 жылғы қаңтар – желтоқсан аралығында екіжақты тауар айналымы 34,1 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 15,2 млрд АҚШ доллары, импорт – 18,9 млрд АҚШ доллары), бұл оның алдындағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2%-ға жоғары. Келісім елдер арасындағы өзара тиімді әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған. Келісімді іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша шығындарын талап етпейді, - деді министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен Қытай зиянкестерге қарсы бірлескен мониторинг жүргізеді.