Мәжіліс Қазақстан мен Моңғолияның зейнетақы ынтымақтастығы жөніндегі құжатты қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды.
Заң жобасының мақсаты — 2024 жылғы 29 қазанда Ұлан-Батыр қаласында қол қойылған Қазақстан Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мәліметіне қарағанда, аталған келісімді ратификациялау екі ел азаматтарының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл тұрғыда, ол зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтілін тану және есепке жатқызу бөлігінде басқа елдің аумағына көшу кезінде Қазақстан Республикасы мен Моңғолия азаматтары үшін қосымша мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда:
— ортақ және базалық зейнетақыларды есептеу кезінде еңбек өтілін есепке алу мақсатында;
— Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі аясында қалыптастырылатын жинақтаушы зейнетақыларды экспорттау кезінде.
Атаулы Келісім келесі зейнетақыларға:
— Қазақстан Республикасында — еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне;
— Моңғолияда — әскери қызметі үшін зейнетақыларға қолданылмайды.
Осы мемлекеттердің азаматтарына зейнетақы тағайындау және төлеу тұратын мемлекетінің заңнамасы бойынша жүзеге асырылады.
— Заңды іске асыру халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, азаматтардың әлеуметтік кепілдіктері мен құқықтарын нығайтуға, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы өзара сенімді күшейтуге ықпал ететін болады. Құжатта адамның және азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын шектейтін нормалар қамтылмайды, — делінген Мәжіліс комитетінің қорынды ақпаратында.
Еске салсақ, былтыр қазан айында Қазақстан мен Моңғолия президенттері бірлескен декларацияға қол қойды.
Айта кетейік, 2025 жылы 13 202 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды. Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 45,6%-ы Өзбекстаннан, 42,3% — Қытайдан, 4,1% — Түрікменстаннан, 2,9% — Монғолиядан, 2,6% — Ресейден және 2,5%-ы басқа елдерден.