Мәжіліс креативті индустрияны қолдауға бағытталған Заңды қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.
Құжат бойынша негізгі баяндама жасаған депутат Нұргүл Тау заң жобасы 2025 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданғанын салды.
— Заң жобасы креативті қызметті жүзеге асыру тәртібін одан әрі реттеуге бағытталған. «Креативті индустрия қызметкері» және «креативті индустрия субъектілерінің тізілімі» ұғымдары енгізіледі. Мәдениет және ақпарат министрлігінің креативті индустриялар саласындағы жобаларға жеке инвестицияларды тарту мониторингін жүргізу құзыреті белгіленді. Әкімдіктерге креативті индустриялар саласындағы кәсіпкерлікті дамыту арқылы әлеуетті ашу және таланттарды дамыту үшін жағдай жасау құзыреті беріледі. Шығармашылық және кәсіби даму еркіндігі мақсатында креативті индустрия қызметкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі нормалар көзделген, — деді ол.
Нұргүл Таудың айтуынша, заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар мынадай түзетулер енгізді:
— «Мәдениет туралы» Заңда мемлекеттік қолдау шараларын алуға үміткер креативті индустрия субъектілерінің бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу жөніндегі уәкілетті органның құзыреті толықтырылды;
— «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңда жастарды креативті индустрияға тарту шараларын, оның ішінде жастардың креативті бастамалары мен жобаларын қолдау арқылы қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның құзыреті толықтырылды. Сондай-ақ жастарды креативті индустрия саласына тартуға жәрдемдесу бөлігінде мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары кеңейтілді;
— «Кинематография туралы» Заңда ұлттық фильмдер шығаруға бөлінетін қаражат көлемін айқындау жөніндегі уәкілетті органның құзыреті нақтыланды.
— Бұдан басқа, Үкімет ұсынысы бойынша заң жобасына шетелдік әртістердің қатысуымен ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде іс-шараларды ұйымдастырушылардың қызметін регламенттеу; кинопрокатқа арналған фильмдерге прокат куәлігін беру тәртібін өзгерту бойынша ұсынымдар енгізілді. Сонымен бірге, депутаттар редакциялық сипаттағы түзетулер мен нормаларды заң техникасына сәйкес келтіруге бағытталған, заң жобасының мазмұнын сапалы жақсартқан түзетулерді енгізді, — деді Мәжіліс депутаты.
2025 жылғы 14 қарашада Ташкент қаласында Орталық Азия елдерінің мәдениет министрлерінің алғашқы кездесуі өтіп, оның барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева креативті өнімдердің бірыңғай маркетплейсін құруды ұсынған еді.