Мәжіліс КСРО кезіндегі өнертабыстар құпиясын қамтамасыз ету туралы келісімнің қолданысын тоқтатты
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «1999 жылғы 4 маусымдағы Өнертабыстарды құқықтық қорғау саласында мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды Kazinform.
Өнертабыстарды құқықтық қорғау саласында мемлекетаралық құпиялардың сақталуын өзара қамтамасыз ету туралы келісімге ТМД Үкімет басшылары 1999 жылғы 4 маусымда Минск қаласында қол қойды және ол 2001 жылғы 7 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланды.
«Келісім КСРО-ның ыдырауына және соның негізінде дербес мемлекеттердің құрылуына байланысты, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердегі құпия өнертабыстар туралы мәліметтерге қатысты құпиялылық режимін қамтамасыз ету, бұрынғы КСРО-да жасалған құпия өнертабыстарды құқықтық қорғау әрі оларды құпиясыздандыру тәртібін белгілеу мақсатында әзірленді», - делінген Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мәліметінде.
Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, келісімнің ТМД-ға қатысушы мемлекеттерде қолданылу мерзімінің барлық кезеңінде КСРО-да жасалған құпия өнертабыстарға қорғау құжаттарын беруге бірде-бір өтініш берілмеген. Сондай-ақ, құпия өнертабыстарды құпиясыздандырудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген.
«Сонымен қатар, өнертабыстарды қорғау мерзімі 20 жылды құрайтынын атап өткен жөн. Қазір КСРО-да жасалған барлық өнертабыстар бойынша қорғау құжаттарының әрекет ету мерзімі өтіп кетті. Осыған байланысты ТМД Атқарушы комитеті Келісім маңыздылығының жоқтығына байланысты оның қолданысын тоқтату туралы мәселе көтерді. Қазақстан Республикасы Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттамаға 2020 жылғы 8 желтоқсанда қол қойды. Келісімнің қолданысын тоқтату туралы хаттаманы ратификациялау туралы Заңын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды және мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарды талап етпейді», - министр.