Қоғамдық орында бет-жүзін тануға кедергі келтіретін заттарды қолдануға тыйым салынды – Парламент
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісі құқық қорғау қызметін жетілдіру, құқық қорғау мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін және әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты заңына Сенаттың жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен келісті.
Заңның мақсаты - мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттыру, заң мен тәртіп қағидасын ілгерлету, ішкі істер органдарының қызметіндегі артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік, азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен әскери қызметшілерді, тұрғын үймен қамтамасыз ету және әлеуметтік қорғаудың тетігін жетілдіру үшін қолданыстағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар жасау.
Заңда Ішкі істер министрлігінің жұмысын оңтайландыру ескеріліп, «Жергілікті полиция қызметі» институтының орнына профилактика мен қоғамдық қауіпсіздік басқармалары құрылады. Бұл өзгерістер, жаңа сын-қатерлерге жедел тосқауыл қоюға, заң мен тәртіп қағидасын тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ішкі істер органдарына қосымша өкілеттілік беру арқылы, қос азаматтықты азайтуға және азаматтықтан шығушылар үшін ыңғайлы тетіктер жасалады.
«Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңға енгізілген өзгерістер негізінде, Дактилоскопиялық және геномдық тіркеудің еріктілік қағидасы және тұлғаны верификациялаудың заңнамалық анықтамасы енгізіледі. Геномдық және дактотіркеу ақпараттар базасын қорғау механизмдері мен дактотіркеуден босатылатын тұлғалар тізімі анықталады.
Бұдан бөлек, құқық қорғау органдарының әлеуметтік жағдайын жақсарту нормалары ескерілген. Күш құрылымдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіледі. Ендігі жерде, Тұрғын үй төлемдерін алушылардың қатарына азаматтық қорғау органдарының, қаржы мониторингі агенттігінің және прокуратураның қызметкерлері қосылады.
Мұнымен қоса осы заң аясында бет-әлпетті тануға кедергі келтіруге тыйым салу нормалары енгізілді.
«Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заңға қызметтік немесе еңбек міндеттерін атқару, медициналық мақсаттарда, ауа райы жағдайларын қоспағанда, бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салу туралы норма қамтылды. Бұл шара бет-әлпетті танудың мүмкіндіктерін жетілдіру арқылы, қоғамдық орындарда жасалатын құқық бұзушылықтардың, қылмыстардың алдын алудың тиімділігін арттырады.
- Қаралып отырған заңды Парламент Мәжілісі биылғы 28 мамырда екінші оқылымда қабылдады және ол Сенаттың қарауына жіберілді. Парламент Сенаты енгізген өзгерістер заңның тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді. Осы орайда Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Сенаттың заңдағы жекелеген баптардың жаңа редакциясымен келісуді ұсынады, - деді Жарқынбек Амантайұлы Мәжілістің жалпы отырысында.
Палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдірді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл 19 маусымда Сенат құқық қорғау қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету құжатын Мәжіліске қайтарды.
Атап айтқанда, заңды Парламент Сенатында қарау барысында сенаторлар тиісті түзетулер енгізді.
Заңды қарау барысында туындаған және оны жетілдіруді көздейтін мына өзгертулер ескерілген:
- Заңның 1-бабы 3-тармағы 10) тармақшасының жиырма үшінші абзацында («Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 101-4-бабы 1-тармағының үшінші бөлігі) құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне және әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерінің мөлшерін есептеу кезінде ҚР Үкіметінің тұрғынжайдың шекті ауданын айқындау жөніндегі құзыретін бекіту бөлігінде өзгеріс енгізу ұсынылды. - Сонымен қатар, осы өзгерістерге сәйкестендіруге байланысты, бірнеше редакциялық сипаттағы түзетулер («Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 101-4-бабы 1-тармағының үшінші бөлігі) көзделеді.
Жақында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бет-жүзін бүркемелегендерге неге жаза қолданылмайтынын түсіндірді.