Мәжіліс МӘМС жүйесін жетілдіруге қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Фото: Фото: total.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

- Заң жобасында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыссыздар мен халықтың осал тобы санатындағы адамдар үшін МӘМС жарналарын төлеу ескерілген. Осы шаралардың есебінен 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша 1 млн-нан астам адам қамтылып, жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізуге мүмкіндік беріп, ұлттың жалпы денсаулығы мен әл-ауқатын арттырады. Бұл мехенизм жарналардың түсуіне қарамастан, Қордың тарапынан «Д» және «Е» санаттарындағы адамдарға ай сайын сақтандырылған мәртебесі беріледі. Осы адамдар үшін әкімдіктердің төлемі медициналық көмекке жүгінген сәттен бастап және жыл аяғына дейін жүзеге асырылады. Аталған санаттағы адамдарды анықтау, сақтандырылған мәртебесін беру және сақтандыру жарналарын төлеу механизмі пысықталды, - деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова. 

Бұдан бөлек, МӘМС-ке мемлекет жарналарының мөлшерін өсіру ескерілген.

Осы тұрғыда 2027 жылдан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін мемлекеттің МӘМС-ке жарналарының мөлшерлемелерін біртіндеп арттыру көзделген.

Осылайша, 2015 жылғы МӘМС туралы заңының бірінші редакциясында қарастырылған бастапқы қаржылық үлгіге ішінара қайта оралу ұсынылды. Бүгін Мәжілісте қаралған заң жобасында мемлекеттік жарналардың мөлшерлемелерін 2027 жылдан бастап 2037 жылға дейін кезең-кезеңімен 3 пайызға (әр екі жыл сайын 0,5%-дан) арттыру көзделген, яғни 2 пайыздан 5 пайызға дейін. Қосымша жинақталған қаражат денсаулық сақтау жүйесінің шығындарын МӘМС жүйесі арқылы белгілі бір деңгейде қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, өңірлер бойынша ақпараттық жүйелерде сақтандыру мәртебесін алуға құқығы бар және медициналық қызметтер алған адамдардың тізімін қалыптастырып, жарна төлеуді қамтамасыз ету жолдарын пысықтады. Осы орайда «Д» және «Е» санаттары үшін жергілікті атқарушы органдардың есептеуінің бірыңғай объектісіне тоқталып өтейін. Өңірлерде орташа айлық жалақы деңгейінің айтарлықтай айырмашылығы бар. Мысалы, 2023 жылы Атырау облысы бойынша орташа айлық жалақы мөлшері 557 736 теңгені құраса, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 237 538 теңгені құрады. Бірыңғай республикалық орташа айлық жалақы мөлшерін қолдану нақты көріністің бұрмалауына әкеледі деп есептейміз. Бұл жалақысы төмен өңірлерде жергілікті бюджеттердің артық міндеттемелеріне, ал экономикасы жоғары деңгейдегі өңірлерде төмен жүктемеге әкелуі мүмкін. Осы жағдай қаржылық жүктемені бөлудің объективтілігі мен тепе-теңдік қағидаттарын бұзады. Осыған байланысты өңірлік орташа айлық жалақыны пайдалану әдісі жергілікті халықтың өмір сүру және табыс деңгейін дәлірек ескеруге мүмкіндік береді, - деді А. Әлназарова.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша 1 млн-нан астам адам қамтылады

Жақында МӘМС жүйесінен тыс қалған 3,3 млн адамның мәселесі қалай шешілетінін жазған едік.