Мәжіліс пен Ресей Думасы арасындағы палатааралық парламенттік комиссияның отырысы өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі палатааралық парламенттік комиссияның отырысы өтті.
Отырыс алдында Мәжіліс төрағасы Мемлекеттік Дума төрағасының бірінші орынбасары, Ресей тарапынан комиссияның тең төрағасы Александр Жуковты қабылдады.
Астанада өткен отырысты ашып берген палата спикері Ресей Қазақстанның сенімді одақтасы және стратегиялық серіктесі екенін атап өтті.
— Жыл өткен сайын біздің қарым-қатынасымыз тек нығая түсуде. Бұған көшбасшыларымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің арқасында қол жеткіздік. Мемлекеттер басшылары әріптестікті дамудың жаңа деңгейіне көтерді. Қазақстанда халықтарымыздың санғасырлық достығы ерекше бағаланады, — деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері екі елді әлемдегі ең ұзыншекара байланыстыратынын айтып, былтыр өзара сауда көлемі айтарлықтай өскеніне, тауар айналымының шамамен 70 пайызы өңіраралық және шекара маңы саудасына тиесілі екеніне назар аударды.
— Екіжақты қатынасты дамытуда парламентаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Біз түрлі алаңдарда жиі кездесеміз, пікір алмасамыз. Біздің әр басқосуымыз жаңа идеялар мен бастамаларға толы. Көптеген өзекті мәселе бойынша әрдайым ортақ шешімге келетініміз қуантады. Бүгін ұзақ уақыттан кейін комиссиямыздың жұмысын қайта жандандырғанымыз да — бірлесіп жұмыс істеуге ынталылығымыздың айғағы, — деді Ерлан Қошанов.
Мемлекеттік Дума төрағасының бірінші орынбасары Александр Жуков өз сөзінде екі ел президенттерінің уағдаластықтарының іске асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, Қазақстан мен Ресей азаматтарын толғандыратын мәселелерді шешу де өте маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ күн тәртібіне қоршаған ортаны, трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану саласындағы ынтымақтастық, екіжақты тауар айналымы көлемін ұлғайту мен өзара саудадағы кедергілерді жою және басқа да мәселелер кірді.
Комиссия жұмысына Қазақстан тарапынан вице-министрлер мен жауапты мемлекеттік құрылымдар басшылары қатысты.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар күн тәртібіндегі әр тармақ бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдарәзірлеп, шешімдер шығарды.