Мәжіліс Салық кодексін тағы пысықтап, медициналық сақтандыру мәселесін талқыға салады

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жаңа Салық кодексін және оған ілеспе заң жобаларын 2-оқылымда талқылап, бірқатар халықаралық құжатты ратификациялауға қатысты заң жобаларын жұмысқа алады.

Өткен жұмада, 25 сәуір күні Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді.

Сонымен, жалпы отырыста депутаттарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады.

Заң жобасын Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауын іске асыру мақсатымен Үкімет әзірледі. Сондықтан заң жобасы бойынша Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова негізгі баяндама жасайды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Есте болса, Мемлекет басшысы сол Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізгенін атап өткен болатын.

- Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс, - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұсынылып отырған түзетулер медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыруға бағытталған. Бұл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін айқындау арқылы жүзеге асырылады.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Сонымен қатар депутаттар жаңа Салық кодексі жобасы мен оған салық салу мәселелері бойынша құрылыс және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы ілеспе түзетулерді, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заңнамалық жаңалықтарды екінші оқылымда талқылайды. Сондай-ақ осыған байланысты Салық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістерді қарайды. Негізгі баяндамашы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Берік Бейсенғалиев болмақ.

Фото: Досбол Атажан/Kazinform

Айта кетерлігі, 9 сәуір күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар жаңа Салық кодексін талқыға салған еді. Құжатты депутаттарға Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырған болатын.

Құжат жобасын 4 сағат бойы талқылаған депуттардың басым көпшілігі жаңа редакцияны бірінші оқылымда қолдап дауыс берді. Қалыс қалғандар саны – 9, қарсы болғандар – 7, 1 депутат дауыс бермеді.

Сонымен, жаңа Салық кодексіне сәйкес, ҚҚС салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болуы мүмкін. Осы шешімнің аясында Үкімет жеке кәсіпкерлікті тіркеу рәсімін қатаңдатпақ. Сондай-ақ, сән-салтанат салығы кімдерге салынатыны белгілі болды. Нақтырақ айтқанда, құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлік иелері ұлғайтылған салық төлейді. Ал жылдық табысы 33,4 млн теңгеден асатын азаматтар табысының 15 пайызын салыққа төлеуі мүмкін. 

Жалпы отырысқа бірқатар халықаралық құжатты ратификациялауға қатысты заң жобалары да енгізіледі.

Әдеттегідей, әр заң депутаттар тарапынан талқыланып болғаннан кейін негізгі баяндамашылар БАҚ өкілдерінің алдына шығып, тілшілер тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді.

Ал Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан соң депутаттар Үкімет мүшелерінің атына депутаттық сауалдар жолдауы мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Мәжіліс отырысында депутаттар Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында әзірленген зияткерлік меншік және орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданған еді.

Сонымен қатар 20-ға жуық депутат Үкімет мүшелерінің атына сауал жолдады. Мәселен, Дүйсенбай Тұрғанов осымен үшінші Премьер-Министрдің атына төртінші рет жолдаған сауалы Жайық өзенін ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері тізбесіне енгізуге қатысты болды

- Жайық өзені өзінің аса зор маңыздылығына қарамастан, бұл тізімге әлі күнге дейін енгізілмеген. Бұл мамандар мен өңір халқы тарапынан үлкен алаңдаушылық пен түсінбеушілік туғызып отыр, — деді ол.

Болат Керімбек «Байқоңыр» ғарыш айлағының объектілерінде Қазақстан меншігіндегі көлік құралдарына техникалық паспорт беру, тіркеу жұмыстарын реттеу қажеттігін айтса, Ерлан Саиров «Тауарлы несие» бағдарламасын жедел қабылдап, іске асыру керектігін алға тартады.