Мәжіліс ТМД аясында эпидемиологиялық ынтымақтастық жөніндегі заңды қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларға ден қою жөніндегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.

Фото:Мәжілістің Баспасөз қызметі

Бұл келісімге 2022 жылғы 28 қазанда Астанада қол қойылды.

Құжат тараптарға Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің аумақтарында санитариялық қорғау жөніндегі, оның ішінде мамандандырылған эпидемияға қарсы бригадалардың көмегімен іс-шараларды жүргізуді талап ететін санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюда ынтымақтасу мақсатында бекітілді.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мәліметінше, заң жобасында азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын шектейтін нормалар қамтылмаған.

Айта кетейік, бүгін бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.