Құжатқа 2021 жылғы 28 мамырда Минск қаласында қол қойылған.
«Бұл келісімге 11 елдің 8-і қол қойды. Құжат аясында аса қауіпті ауруларға, яғни төтенше жағдайға қатысты инфекциялық індеттердің таралуына жол бермеу жөніндегі келісілген іс-шараларды атқару қарастырылған. Аурулардың толық тізбесі осы Келісімге қосымшада айқындалған. Бұдан басқа, Келісім халықтың денсаулығы үшін қауіпті және төтенше жағдайлардың болуы мүмкіндігімен байланысты тауарлардың жеткізілуін болдырмауға бағытталған», - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, аса қауіпті инфекциялық ауруларға қатысты мәселелер бойынша елдердің өзара іс-қимылын үйлестіру ТМД-ға мүше мемлекеттердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің кеңесіне жүктеледі.
«Келісімде мемлекеттердің өтініші бойынша осындай аурулар мен тауарларды анықтау және таралу жағдайлары туралы барлығын жедел хабардар ету, сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін практикалық, техникалық көмек көрсету бойынша ТМД елдерінің міндеттемелері айқындалған», - деді министр.