Мәжіліс төрағасы: Заң жобаларын қарау барысында Үкіметтің қорытындыларын ұзақ күтуге мәжбүрміз

Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM –Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Үкіметпен өзара іс-әрекет кезінде жыл сайын қайталанатын проблемалық мәселені атады.

- Енді Үкіметпен өзара іс-әрекет кезінде жыл сайын қайталап айтуға тура келетін проблемалық мәселелерге тоқталып өтейін. Заңға сәйкес, қосымша қаржыны талап ететін ұсыныстар мен түзетулер Үкіметтің қорытындысын қажет етеді. Өкінішке қарай, біз заң жобаларын қарау барысында үнемі Үкіметтің қорытындыларын ұзақ күтуге мәжбүрміз. Кейде оларды 7 айға дейін күтеміз. Бұл жайт Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалуын, халық күтіп отырған маңызды заңдардың уақтылы қабылдануын кешеуілдетеді, - деді Ерлан Қошанов.

Палата спикері қорытындыда депутаттардың бастамаларына қатысты Үкіметтің ұстанымы нақты болмайтын кездері де аз еместігін айтады.

- Мәселен, депутаттар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заң жобасымен жұмыс барысында Жер кодексінің бір бабына екі түрлі көзқарасты қамтитын түзетулер дайындады. Берген қорытындысында Үкімет ұсынылған екі нұсқаны да қолдады. Бұл – бір ғана мысал. Сонымен қатар, кейбір мемлекеттік органдардың әрекеттері де жүйелі жұмысты қажет етеді. Мәселен, Үкімет бір Палатадағы депутаттардың түзетулерін қолдамайды. Алайда дәл сол түзетулерді басқа Палатада талқылау кезінде кенеттен олармен келісе кетеді. Яғни, мемлекеттік органдар қорытынды жобасын әзірлеуге атүсті қарайтыны байқалады, - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясы ресми түрде жабылды.