Мәжіліс төрағасының орынбасары МӘМС жайында: Дәрігерге жазылуға бірнеше апта керек

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі нақты нәтижесі байқалмай тұр. Бұл туралы Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ҚазАқпарат

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізген кезде, Үкімет бұл модель көрсетілетін медициналық қызметтің тізімін кеңейтуді және оны әр азамат өзі қалаған жерде кез келген уақытта алуы мүмкіндігін қамтамасыз ететінін айтқан еді. Осылайша «ақша пациенттің соңынан ереді» қағидаты орындалуы керек еді. Алайда қазір нақты нәтижесі керісінше екенін байқадық», - деді Д. Еспаева Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, депутаттардың халықпен кездесуінде азаматтардан медициналық қызметтердің сапасына қатысты көптеген шағым түсіп жатыр.

«Бұл ретте, адамдар емханаларда ұзын-сонар кезек бар екенін үнемі айтып жүр. Ал нақты дәрігер маманға жазылу үшін бірнеше апта, тіпті айлап күту керек. Кейбір жағдайда дәрігерге уақытында жете алмай, ақылы қызметке жүгініп, артық шығынға тап болады. Осының салдарынан тұрғындар «сақтандыру жарнасын не үшін төлейміз? Оның қандай артықшылығы бар?» деген сұрақтарды жаудырып жатыр. Адамдардың көбісі сақтандыру жүйесінде болмағандықтан, оларға жекеленген қызметтер көрсетілмейді. Қазір шұғыл медициналық қызметке жүгінуге мәжбүр 3 млн-нан астам адам сақтандыру жүйесінен тыс қалған. Бұл өз кезегінде аурудың асқынуына алып келеді», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ел азаматтары өз денсаулығына қанша қаражат жұмсайтынын айтты.