Мәжіліс Цифрлық кодекс жобасын мақұлдады

Фото: Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс Цифрлық кодекс жобасы мен екі бірдей ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады 

Құжаттарды Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева таныстырды.

Жаңа Цифрлық кодекс цифрлық ортаға құқықтық мәртебе беріп, деректер мен платформаларды айналымға енгізуге арналған. Осылайша цифрлық деректер, жүйелер, ресурстар мен инфрақұрылым құқық объектісі болып танылады.

— Цифрлық деректер айналымының құқықтық режимі енгізіледі. Жазбалар түріндегі цифрлық деректер алғаш рет құқық объектісі ретінде танылғалы отыр. Бұл дегеніміз, деректер экономикалық құндылыққа ие болып, азаматтық негіздегі айналымға қатыса алады, — деді депутат

Кодекс жобасы осы күйінде қабылданса, Қазақстанда eGov сияқты мемлекеттік цифрлық жүйе мен халыққа электронды негізде қызмет көрсететін платформаларға «ұлттық объект» мәртебесін берілуі мүмкін.  Бұл аталған цифрлық активтердің жеке меншікке, басқа елге сатылып кетуінен, иелігіне өтіп кетуден қорғайды.

Бұл аталған цифрлық активтердің жеке меншікке, басқа елге сатылып кетуінен, иелігіне өтіп кетуден қорғайды

Қазіргі нұсқасында Цифрлық кодекс электронды цифрлық қолтаңбаның құқықтық мәртебесін электронды форматта қол қоюдың жалғыз тәсілі деп бекітеді

Ал кейбір платформада онлайн қызметті пайдалануға келісім беру үшін цифрлық растау тетігін қолдануға болады.

Сондай-ақ, кодекс жобасында қолданыстағы электронды құжаттарды заң тілінде үш топқа бөлу көзделіп отыр. Біріншісі — электронды құжаттар. Оған тек ЭЦҚ қойылған құжаттар жатады және қағаз нұсқамен теңестіріледі. Екіншісі — цифрлық құжаттар. Бұл мемлекеттік базалардан автоматты түрде жүктеуге болатын, көрсетілген сәтінде түпнұсқа болып саналатын түрлі анықтамалардың құқықтық атауы деуге болады. Үшіншісі — цифрлық мәліметтер. ЖСН арқылы ІІМ базасынан алынған азамат туралы дерек, не болмаса жылжымайтын мүлік реестріндегі жазбалар осы цифрлық мәліметтерге жатқызылмақ. Басқаша айтсақ, ресми дереккөздерден алынған заңды мәні бар ақпараттар осы санатқа жатқызылады.

Екатерина Смышляева бұл өзгерістер азаматтар мен ұйымдардың цифрлық ортада қолтаңба қою, дерек ұсыну және құжат алмасу тәртібін жеңілдетіп, құқықтар мен міндеттерді нақтылай түсетінін айтады.

Цифрлық кодекс жобасы цифрлық дәлелдердің сот отырыстарында қолдануын жеңілдетуге де бағытталып отыр

— «Цифрлық дәлелдер» ұғымы алғаш рет енгізіліп отыр. Бұл оларды азаматтық құқықтық қатынастар мен сот процестерінде пайдалану мүмкіндігін ашады. Бұл сандық жазбаларды, журналдар мен транзакцияларды заңдық маңыз бар көздер ретінде тануға мүмкіндік береді, — деді құжатты таныстырған Екатерина Смышляева.

Сондай-ақ, заңнамаға «цифрлық делдал» ұғымы да енгізілуі мүмкін. Бұл ұғымдарды заңнамаға енгізу арқылы Yandex Go, Glovo, Chocofood сияқты еңбек платформаларының, Kaspi, Wildberries, OZON сияқты маркетплейстердің, booking, krisha.kz қызмет агрегаторларының, мемлекеттік цифрлық сервистердің жауапкершілігі мен жұмыс тәртібін нақты белгілеуге жол ашады.

Айта кету керек, Қазақстанда цифрлық кодекс қабылдау мәселесі 2022 жылдан бері талқыланып келген еді