Мәжіліс тұрғын үйді басқару ережесін өзгертетін заңды қабылдады

Фото: Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық заңнамасын жетілдіруге арналған негізгі бір заң мен оған ілеспе екі заңды қабылдады.

— Бұл құжат екі негізгі мәселені шешеді. Біріншіден, реформа жүргізілген алты жыл ішінде институт ретінде жойылмаған пәтер иелері кооперативтері қызметінің ашықтығына қойылатын талаптар бекітіледі. Екіншіден, тұрғындарға кондоминиумды басқарушыларды, олармен жасалатын шарттар таңдауда еркін құқықтық беру көзделіп отыр. Ол үшін заң жобасында кондоминиумды басқарудың екі түрі енгізілген — мүлік иелерін біріктір, тікелей бірлескен басқару. Қарапайым серіктестіктер өз жұмысын басқару үшін басқарушы компания да құра алады, пәтер иелерінің кооперативі ретінде де жұмыс істей алады, — деді негізгі құжатты ттаныстырған Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.

Сондай-ақ, заң жобасы тұрғындардың кондоминиум басқарушыларды цифрлық дауыс беру арқылы таңдауына, таңдалған басқарушыдан цифрлық форматта есеп алуына мүмкіндік береді.

Басқарушылар әр үйге бөлек бөлек шот ашып, тұрғын үй инспекциясына қызметін бастағаны туралы хабарлауға міндеттеледі. Басқарушы кәсіпорынның штатында міндетті түрде кәсіби менеджерлер болу қажет.

Ал тұрғындар пәтер иелері кооперативінің басқаруында қала береміз деп шешсе, ұйымға қайта тіркелу керек болады. Мұнда тұрғындардан жиналған жарналар мен өзге де кірістер ұйымның жарғылық мақсаттарына ғана жұмсалу керек.

Тұрғындар мүлік иелерінің бірлестігіне топтасқысы келсе, ол ұйымдарға мынандай талаптар қойылады:

— бірлестік төрағасының өкілеттігі бір жылдан үш жылға дейін ұлғаяды;
— бірлестікке үй басқару қызметін өз еркімен жүргізуге құқық беріледі;
— төраға еңбек шарты бойынша кәсіби басқарушыны жалдап, оған бірқатар өкілеттік бере алады.

Құжатта тұрғын үй салған компания бірінші пәтерді сатқаннан кейін кондоминиум тіркеуге мідеттелетіні айтылған. 

Тұрғын үйді басқарушы ұйым заңның осы талаптарын бұзса айыппұл төлейді. Нақтырақ айтсақ:

— шоттарды ашу мерзімдерін бұзғаны үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл;
— ай сайынғы және жылдық есептерді ұсыну мерзімдерін бұзу 50 АЕК айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл;
— құрылыс салушының үй құжаттамасын ұсынбауы — 100-200 АЕК көлемінде айыппұл;
— басқару субъектісінің үй құжаттарын бермеуі — 50-10 АЕК айыппұл.

Сондай-ақ, бүгін Мәжіліс Салық кодексін қабылдады.