Депутат Олжас Құспековтың айтуынша, қаралып отырған заң жобаларын Мәжіліс 1 сәуірде бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасының мақсаты — Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткеру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру.
— Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар бірқатар түзетулер енгізді, олардың қатарында мемлекеттік құпияларға тек режимдік объектілерге ғана емес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ерекше режимдегі және ерекше қорғалатын объектілерін салуға, жөндеуге және күтіп-ұстауға бөлінген қаражатты немесе нақты шығындарды ашып көрсететін мәліметтерді жатқызу ұсынылады. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453-бабымен сәйкестендіру мақсатында Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдарына экстремистік және террористік материалдарды тасымалдауға тыйым салуды белгілейтін түзетулер енгізілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын және экстремизмнің алдын алуды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдарының құзыреті олардың салалық заңдарына және жаңадан қабылданған Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес нақтыланды, — деді депутат.
Сондай-ақ, оның айтуынша, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру бөлігінде құқықтық олқылықтарды жоюға және заңнаманы жетілдіруге бағытталған нормалар әзірленді.
Атап айтқанда:
Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары резервінің мақсаты нақтыланды, яғни оны қолдану шарттары айқындалды;
объективті шешім қабылдау мақсатында қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен танысу бөлігінде уәкілетті басшының құқықтары регламенттелді;
әскери және арнаулы оқу орындарына түсу кезінде бұрынғы атағын сақтайтын адамдар санаты кеңейтілді;
басшылардың әкімшілік актілері нақтыланды;
әлеуметтік сипаттағы бірқатар түзету қаралды;
қайталанатын нормалар алынып тасталды.
— Ілеспе заң жобасында экстремистік және террористік материалдарды дайындағаны, сақтағаны, әкелгені, тасымалдағаны және таратқаны үшін бұрыннан белгіленген жауаптылықтан бөлек, оларды басып шығарғаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздейтін түзету ұсынылды. Аталған норма құқықтың материалдық нормалары бұрыннан көзделген Қазақстан Республикасының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдарымен сәйкестендіруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексімен үйлестіруге бағытталған. Сонымен қатар, салық заңнамасында белгіленген жағдайларда бұрын әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдарды әкімшілік жазаны орындаудан босатуды көздейтін түзету ұсынылды, — деді Олжас Құспеков.
Осыдан кейін Мәжіліс депутаттары аталған Заңдарды қабылдап, Сенат қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.