- Мемлекет басшысы биылғы 17 наурызда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық өткізілетінін жариялады. Көптеген елдердің тәжірибесінде дәстүрлі атаулы күндерге орай рақымшылық жасау туралы заңдар қабылданып тұрады. Осы жолы да біз Үкіметпен бірлесіп рақымшылық туралы заң жобасын дайындадық. Бұл – қателік жіберген, бірақ өз ісіне өкініп, мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты мемлекетіміз тарапынан жасалған кезекті ізгілік актісінің көрінісі. Алдағы рақымшылықтың бұған дейін жүргізілгендерден ерекшелігі – елімізде тұңғыш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та жүзеге асырылады, - деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Қылмыстық рақымшылық аясындае келесі ұсынылады:
1. Осы заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған қылмыстық теріс қылықтар, қауіптілігі аз қылмыстар, сондай-ақ зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген зиянды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдарға қатысты қылмыстық істерді, соның ішінде соттардың қарауындағы істерді тоқтату;
2. Азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар үшін сотталғандарды, атап айтқанда, мынадай істерді жасағандарды жазадан босату:
- қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар;
- зиян келтіруге әкеп соқпаған немесе келтірілген зиянды толық өтеген орташа ауыр қылмыстар;
3. Орташа ауыр қылмыстар үшін (жазаның өтелмеген мерзімін 1/2 бөлікке), ауыр қылмыстар үшін және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жазасының өтелмеген мерзімін қысқарту.
- Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, рақымшылық аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдарға, атап айтқанда: сыбайлас жемқорлық, террористік және экстремистік қылмыстар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптаулар жасағандарға, қылмыстардың қайталануы (рецидив) кезінде, қоғамдық қауіптілігі жоғары деңгейдегі қылмыстар, жақында криминализацияланған (қылмыс қатарына жатқызылған) іс-әрекеттер жасағандарға, сондай-ақ сырттай (сырттай үкіммен) сотталған адамдарға қолданылмайды, - деді депутат.
Осы мақсатта заң жобасында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстардың тізбесі айқындалған.
Белгілі болғандай, биыл 15 мың сотталған адам қылмыстық рақымшылықпен қамтылуы мүмкін.
Оның ішінде 5 мыңнан астамы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқандар, 10 мыңы пробациялық бақылаудағы сотталғандар.
Жергіліктік атқарушы органдардың міндеті
Қылмыстық-процестік кодекстің 476-бабының 15-тармағына сәйкес, рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешімді әрбір сотталғанға қатысты сот жеке-жеке қабылдайтынын атап өткен жөн.
- Заң жобасымен жергілікті атқарушы органдарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру (қоғамға қайта кіріктіру) бойынша міндеттер жүктеледі, - деді Абзал Құспан.
Әкімшілік рақымшылық
Әкімшілік рақымшылық аясында құқық бұзу деректері үшін салынған әкімшілік айыппұл түріндегі әкімшілік жазадан келесі адамдарды толық босату ұсынылды:
- Қазақстан Республикасының азаматтары саналатын жеке тұлғаларды;
- жеке кәсіпкерлер қатарындағы кәсіпкерлік субъектілерін;
- жеке нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттар мен заң консультанттарын.
Атап айтқанда, әкімшілік рақымшылық соттар салған айыппұлдарға, сондай-ақ азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқық бұзу әрекеттері үшін салынған айыппұлдарға таралмайды.
- Заң жобасында сонымен қатар рақымшылық қолданылмайтын әкімшілік құқық бұзушылықтардың тізбесі айқындалған. Заңның қабылдануы қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс экономикалық, әлеуметтік және құқықтық салдарға әкеп соқпайды. Осылайша, заң жобасында алдағы рақымшылыққа байланысты адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерінің теңгерімі қамтамасыз етілген, - деді депутат.