Мәжіліс жолаушыларды автокөлікпен тасымалдау саласына өзгерістер енгізді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші олқылымда мақұлданды.
«Заң жобасы өзін-өзі реттеуге тұрақты халықаралық, облысаралық, тұрақты емес автобус тасымалы, такси және оларға қатысты диспетчерлік жұмысты, сондай-ақ депутаттар ұсынысымен автобекет қызметтерін ұйымдастыру функциясын беруді көздейді. Сонымен қатар, заң жобасы – өзін-өзі реттеуді құру, оның мүшелерінің құқықтары мен міндеттері, мүшелік жарнаның мөлшері, өзін-өзі реттеу ұйымын тізілімге қосу немесе алып тастау тәртібі, сондай-ақ мүліктік жауаптылық мәселелерін регламенттейді. Министрлік осы мәселе бойынша жұмысты 2020 жылы бастады және оның аясында қажет қоғамдық тыңдауларды өткізді, тиісті талдауларды жүргізді, халықаралық тәжірибелерді зерделеді», - деді Көлік министрі Марат Қарабаев.
Заң жобасында ескерілген функцияларды өзін-өзі реттеуге беру:
- тасымал процесін бақылауды мемлекеттік деңгейден өзін-өзі реттеудің ішкі ұйымдастырушылық деңгейіне ауыстыра отырып, осы нарықта қызмет көрсетушілердің жұмыс сапасын өз мүшесі ретінде бақылауға мүмкіндік береді;
- кәсіби әлсіз тасымалдаушыларды өздігінен тасымал нарығынан шығаратын адал бәсекелестікке негізделген одақта қызмет атқаруға жағдай жасайды;
- нарықтың негізгі талаптарын ескере отырып уәкілетті орган анықтаған басты бағыттарды дамытуға бейімделген сапалы стандарттар мен қағидаларды жедел қабылдауға мүмкіндік жасайды;
- саладағы бюрократия мен сыбайлас жемқорлық салдарын азайта келе, қоғамдық бақылау тетігін дамытуды қамтамасыз етеді.
«Дамыған елдерде өзін-өзі реттеу экономиканың барлық саласында орын алған. Халықаралық тәжірибе – саланың өзін-өзі реттеуге өтуінің тиімділігін көрсетеді, өйткені тек бір саланың мәселесімен айналысатын білікті сарапшылары бар жеке ұйымның болуы осы саланың қарқынды түрде дамуын қамтамасыз ете алады. Мәселен, өзін-өзі реттеу Америкада 1934 жылдан бастап кәсіпкерліктің барлық секторында, тіпті денсаулық саласында да жұмыс істейді. Англияда 1889 жылы жүк тасымал қауымдастығы құрылған, ол қазіргі күні елдегі жүк көлік паркінің жартысын, сондай-ақ теміржолмен 90% жүкті, ал теңіз көлігімен 70% жүкті тасымалдайтын операторларды біріктіреді. Көрші елдерде өзін-өзі реттеуде Ресей көшбасшы болып отыр. Ол елде 2007 жылы «Өзін-өзі реттеу туралы» заң қабылданып «тәуелсіз бағалау», «төрелік басқару», «сәулет-құрылыс/кадастр», «автөкөлікпен халықаралық жүк тасымалы» өзін-өзі реттеуге өтті. 2018 жылдан бастап елімізде де міндетті мүшелікпен өзін-өзі реттеу «тәуелсіз бағалау» және «заң консультанттары» саласында енгізіліп, қазір өз қызметін тиімді атқарып жатыр», - деді министр.
Заң жобасында «Көлік туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Астананың мәртебесі туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы», «Кейбір заңнамалық актілерге әлеуметтік мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға түзетулер мен толықтырулар енгізу көзделген.