Мәжіліс зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдерді талқылайды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Отырыста палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бір заң жобасын қорытынды әзірлеуге алса, депутаттар жалпы екі заңды бірінші оқылымда талқыға салады.
Айта кетейік, өткен жұмада, 18 сәуір күні Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы болып, онда бүгінгі палата жалпы отырысының күн тәртібі нақтыланған еді.
Алдымен депутаттардың талқылауына Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында әзірленген зияткерлік меншік мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда қарау үшін енгізіледі. Айта кетерлігі, Президент сол Жолдауында елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керегін, оның ішінде, зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажеттігін баса айтқан еді.
- Зияткерлік меншік дегеніміз – құрал-жабдық немесе технология сияқты кәдімгі мүлік. Қазір креативті индустрия орталықтары 3 ірі қалада (Астана, Алматы, Шымкент) шоғырланған, өңірлер назардан тыс қалып отыр. Бұл ахуалды түзеу қажет. Дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, яғни креативті индустрия орталықтары барлық облыс орталығында болуға тиіс. Онда креативті адамдардың өз өнімін коммерцияландыруына көмек көрсетілуі керек. Креативті индустрия субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына толық қатыса алмайды, қаржылай көмек те ала алмайды. Оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеу қажет деп санаймын, - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үкімет әзірлеген заң жобада зияткерлік меншікті қорғау мен оның құқықтарын қамтамасыз ету, зияткерлік меншікті дамытуға қолайлы жағдай жасау, инвестициялар тарту және креативті экономиканы дамыту үшін қосымша құқықтық құралдар қарастырылған. Заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Әділет министрі Ерлан Сәрсенбаев жасап, депутаттар тарапынан құжатқа қатысты қойылатын сауалдарға жауап береді.
Сондай-ақ, жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына депутаттардың бастамасымен әзірленген орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Бұл заң жобасы бойынша Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің хатшысы Ольга Булавкина негізгі баяндама жасайды.
Депутаттық түзетулер суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық, ирригациялық-мелиоративтік және балық шаруашылығы саласындағы ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжірибелік алқаптарының, сондай-ақ орман және су қорларының жерлерін ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары мен сел, көшкін, лай көшкінінен қорғау құрылыстарын салу және пайдалану үшін алып қоюға рұқсат беруді көздейді.
Сонымен қатар ауылдық елді мекендердің және/немесе әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым нысандарын орналастыру мақсатымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін, инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету желілерінің коммуникацияларын салу үшін мемлекеттік орман қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыруға рұқсат беруді көздейді.
Әдеттегідей, әр заң депутаттар тарапынан талқыланып болғаннан кейін негізгі баяндамашылар БАҚ өкілдерінің алдына шығып, тілшілер тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді. Ал Мәжілістің жалпы отырысының күн тәртібіне шығарылған мәселелер қаралып болғаннан соң депутаттар Үкімет мүшелерінің атына депутаттық сауалдар жолдауы мүмкін.
Айта кетейік, Мәжілістің өткен аптадағы жалпы отырысында депутаттар 3 заңды бірінші оқылымда, ал 2 заңды екінші оқылымда талқылады.
Нәтижесінде Мәжіліс эндаумент қор туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, «Аумақтық қорғаныс туралы» Заң мен осы құжатқа ілеспе заңды қабылдады.
Ал бірінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметі саласындағы нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында әкімшілік қамауға алынатын адамдарды қабылдау-бөлу орындарында ұстау тәртібі айқындалып, «жергілікті полиция қызметі» деген ұғым алынып тасталмақ.
Жалпы отырыстың күн тәртібіне шығарылған заң жобалары қаралып біткеннен кейін бірқатар депутат Үкіметке сауалдарын жолдады. Атап айтқанда, Азат Перуашев оффшорлық аймақтардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жариялауды ұсынса, Тілектес Адамбеков KazSat-2 және KazSat-3 спутниктерінің ахуалына алаңдаушылық танытты.