Мәжіліске Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында ЖЭО салу туралы құжат енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы келіп түсті.
«Қаралып отырған келісім Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында көмір жағатын жылу электр орталықтарын салу жобаларын іске асыру бойынша Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкіметі арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыруға бағытталған. Келісім жабдықтарды жобалау, дайындау және жеткізу, жаңа жылу орталықтарын салу әрі пайдалануға беру жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ Қазақстан жағына Ресейдің мемлекеттік экспорттық кредитін беруге жеңілдікті қаржыландыру тетіктерін орындау шарттарын айқындайды. Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин палатаның жалпы отырысында.
Еске салсақ, былтырғы қарашада Қазақстан мен Ресей Энергетика министрліктері арасында Көкшетау, Семей және Өскемен жылу электр орталықтарын салу жобалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік меморандумына қол қойылған болатын.