Мәжіліске Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы келді

АСТАНА. KAZINFORM - Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Қазақстанға ресми сапармен келген Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Нуман Куртулмушпен кездесті.

Фото: Жаслан Жұмабеков

Ерлан Қошанов Қазақстан мен Түркияны ғасырлар бойы ортақ рухани және мәдени құндылықтар біріктіріп келе жатқанын атап өтті.

Екі ел басшыларының берік достығы, үндескен саясаты қазақ-түрік қарым-қатынасын жаңа белеске көтеруге ерекше қарқын беруде. Біздің президенттеріміздің тұрақты кездесулері – осының айқын дәлелі. Біз Парламент тарапынан жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды іске асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Мәжіліс төрағасы.

Фото: Жаслан Жұмабеков

Ерлан Қошанов түрік әріптестеріне Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық, саяси реформалар туралы айтып берді. 

Ол бүгінде Қазақстанда мемлекеттік биліктің барлық тармағын тепе-теңдікте ұстайтын жаңа саяси жүйе қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

Палата төрағасы Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай экономиканың екі есе өсуін көздейтін жаңа экономикалық саясаты туралы да айтты.

Фото: Жаслан Жұмабеков

Мәртебелі меймандарға Мәжілістің заң шығару қызметі туралы ақпарат берілді. Тараптар екі ел депутаттары достық топтарының жұмысы туралы да пікір алмасты.

Өз кезегінде Нуман КуртулмушТүркия Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларын толық қолдайтынына назар аударды.

– Бұл – демократия жолындағы батыл қадамдар. Соның арқасында Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен рөлі нығая түседі. Халықтарымыздың арасында тығыз әрі көп қырлы байланыс орнықты. Түркия мен Қазақстан көшбасшыларын достық және шынайы қарым-қатынас байланыстырады. Мемлекеттеріміз арасындағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік алдағы уақытта да көптеген салада әлеуетті жобаларды іске асыруға септігін тигізетініне сенімдімін. Біз Парламенттің де, көпжақты парламенттік ұйымдардың да өзара іс-әрекетін арттыруға дайынбыз, – деді Түрік Республикасы Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы.

Кездесу барысында Мәжіліс спикері түрік халқына су тасқыны кезінде Қазақстанға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты. 

Сондай-ақ Түркия Республикасының 100 жылдығына орай өткен жылы Астанада Анадолы көшесі, Шымкентте Түркия даңғылы мен саябақ ашылғанын, Алматыда Мұстафа Ататүрікке ескерткіш орнатылғанын еске салды.

Фото: Жаслан Жұмабеков

Жиын соңында Ерлан Қошанов Ұлы Ұлттық Жиналыс төрағасының ресми сапары саяси диалогты нығайтып, Қазақстан мен Түркия арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қуатты серпін беретініне сенім білдірді.