Алимент қорын құру қайта ұсынылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда алимент ала алмай жүрген балалардың ақшасын енді мемлекет төлеуі мүмкін. Елімізде арнайы алимент қорын құру бастамасын Қазақстан Халық партиясы ұйымдастырған дөңгелек үстелде «Астана заңгерлер лигасының» төрағасы Айнұр Абатова ұсынды.

Коллаж: Kazinform/ Canva

Айнұр Абатова соңғы жылдары елімізде алимент бойынша қарыз көлемі 10 есеге жуық өскенін айтты. Осыған байланысты жиын сарапшылары мәселені жүйелі шешудің жаңа тетігін ұсынып отыр.

Егер ата-ана алиментті 3 айдан астам уақыт төлемесе, мемлекет балаға ақшаны уақытша осы қордан төлеп отырады. Балаға кепілдік берілген ең төменгі төлем күнкөріс деңгейінен аз болмауы тиіс, ал кеткен шығынды мемлекет кейін борышкер ата-анадан өзі өндіріп алады. Қордың өзі айыппұлдар мен өзге де салықтық емес түсімдер есебінен құралмақ.

ҚР Мәжіліс депутаты Снежана Имашева бұл қордың кімдерге қолдау көрсететінін нақтылап өтті.

– Алимент ала алмай жүрген отбасы егер де табыссыз қалса, оларға қаражат алуға мүмкіндік болады. Бірақ ол үшін міндетті түрде борышкердің ешқандай мүмкіндігі болмауы керек. Бұл қашып жүрген азаматтар туралы емес, шынымен де мүмкіндігі жоқ, жұмысы жоқ, алатын мүлкі жоқ, жұмыс істейтін жағдайы жоқ болған кезде алименттік қорға жүгінуге болады. Осы мәселе қазір қаралуда, бірақ әлі түпкілікті шешімін тапқан жоқ, – деді Снежана Имашева.

Айта кетейік, Қазақстанда 12 мың борышкер өз балаларына 18 миллиард теңге алимент қарыз.