Мәжілісте қалалардың сыртқы келбетіне қатысты құжат қаралады

АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Астананы және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

«Аталған заң жобасы Астананың және республикалық маңызы бар қалалардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін шешуге бағытталған. Құжатта жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреттерін, оның ішінде Астананың санитарлық қорғау «жасыл» аймағын басқару қағидаларын орнату, қалалардың сыртқы келбетіне бірыңғай дизайн-кодты бекіту, қоғамдық орындарда жарнаманың жекелеген түрлеріне шектеулерді енгізу, жер учаскелерін қайта рәсімдеу тәртібі нормаларын нақтылау көзделген», - деді Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов палатаның жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол Астанадағы көші-қонды реттеу тетіктерін жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы қызметке қойылатын талаптарды күшейту ұсынылғанын айтты.

«Осы орайда Мәжілістің комитеті аталған заң жобасын талқылауға алып, ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді депутат.