- Бүгін Парламент Мәжілісінің 8-ші сайланымдағы қорытынды пленарлық отырысын өткізіп отырмыз. Жалпы, Парламент жұмысын 30 маусым күні Мемлекет басшысы қорытындылайды. Сондықтан қалыптасқан дәстүр бойынша, бүгін мен тек Мәжілістің осы сессиядағы қызметіне ғана қысқаша тоқталып өтсем деймін. Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылдардағы еліміздің стратегиялық даму бағдарын айқындап берді. Мемлекетімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды өзгерістер мен түбегейлі жаңғыру жолы әсіресе, заң шығару процесіне тың серпін әкелді. Осы сессия Қазақстан парламентаризмінің жаңа тарихындағы ең маңызды кезеңнің біріне айналды деуге болады. Президентіміз атап өткендей, 1 шілдеде Қазақстан жаңа дәуірге қадам басады. Бұл – тұтас ұлтымыздың, Мемлекет басшысының ұлы жетістігі. Ал депутаттар сол тарихи бетбұрыстың заманауи заңнамалық негізін қалауға атсалысты, - деді Е.Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Осы орайда ол Парламент жаңа Конституцияны іске асыру үшін бірқатар конституциялық заң қабылдағанын еске салды. «Президент», «Астананың мәртебесі», «Әкімшілік-аумақтық құрылыс» туралы заңдар жаңарып, «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі», «Халық Кеңесі» туралы мүлдем жаңа заңдар қабылданды. Осылайша, Ата заңның күшіне енуі үшін барлық жұмыс сапалы әрі уақытылы атқарылды. Сонымен қатар депутаттар «Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң қабылдады. Елімізде қылмыстық рақымшылықпен бірге, алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасалды.
- Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлы мемлекетке айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Бұл бағытта жаңа «Цифрлық кодекс» пен «Жасанды интеллект туралы» заң қабылданды. Аталған екі маңызды құжат та депутаттардың бастамасымен әзірленді. Ол еліміздің цифрлық дамуын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Қазақстан әлемде мұндай заң қабылдаған алғашқы елдердің қатарында. Ал заң мен тәртіп саласына тоқталсақ, бұл бағытта да көп шаруа атқарылды. Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекске маңызды өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, медицина қызметкерлерін, жедел жәрдем жүргізушілерін қорғау үшін оларға жасалған зорлық-зомбылыққа қылмыстық жауапкершілік қарастырылды.С онымен қатар, біз «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңды да қабылдадық. Жалпы, соңғы уақытта қоғамда заң мен тәртіпке деген сұраныс артып, бұл принцип берік орнығып келеді деп айта аламыз. Қабылданған заңдардың бәрі осы қағидатты нығайтуға бағытталған, - деді Мәжіліс төрағасы.
Жалпы, төртінші сессияда 40 жалпы отырыс өтіп, 334 мәселе қаралды. 190 заң жобасы Палата қарауында болды. Соның әрбір үшінші заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленді. Мемлекет басшысы 110 заңға қол қойды.
- Бұдан бөлек, депутаттық сауал секілді маңызды тетіктер де белсенді түрде жүзеге асты. Мемлекеттік органдарға 419 депутаттық сауал жолданып, азаматтарды толғандырып жүрген ең өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен бірге, біз қалыптасқан дәстүр бойынша өңірлердегі кездесулер барысында сайлаушылар көтерген түйткілдерді шешу жолдары жөнінде Үкіметтің жауабын тыңдадық. Биылдың өзінде депутаттар 500 елді мекенді аралап, 1200 кездесу өткізді. Жұртшылықты қабылдау бөлмесіне 2327 адам жүгініп, депутаттардың қабылдауында болды. Мәселенің басым бөлігі сол жерде шешімін тапты... Жаңа атап өткенімдей, 2026 жыл ел шежіресіне алтын әріппен жазылады. Осы тарихи оқиғалардың бел ортасында өздеріңіз де жүрдіңіздер. Әр фракция, бір мандатты округтен сайланған әр депутат «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы жұмысына зор үлес қосты, - деді Ерлан Қошанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Үкіметінің және ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі бекітілді.