Мбаппе жаңа маусымнан бастап «Реал» сапында жаңа нөмірмен ойнайды

Фото: «Реал Мадрид» футбол клубы

АСТАНА. KAZINFORM – Франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе келесі маусымнан бастап Испанияның «Реал» клубында 10-нөмірмен өнер көрсетеді. Бұл туралы «Реалдың» ресми сайтында хабарланды, деп жазады ТАСС агенттігі. 

Өткен маусымда, яғни «Реалдағы» дебюттік жылында Мбаппе 9-шы нөмірмен ойнаған еді. 2017 жылдан бері 10-шы нөмір жартылай қорғаушы Лука Модричке тиесілі болды. Ол өткен маусымнан кейін мадридтік командадан кетті. 

«Реал» сапында Модрич 6 рет Чемпиондар лигасын, 5 мәрте клубтар арасындағы әлем чемпионатын, 4 рет Испания чемпионатын, 2 рет ел кубогын және 5 рет Суперкубокты жеңіп алған. 2018 жылы жартылай қорғаушы France Football журналының нұсқасы бойынша жылдың үздік ойыншысына берілетін «Алтын доп» жүлдесін иеленді.

Әр жылдары «Реал» сапында 10-нөмірмен өнер көрсеткен атақты футболшылар қатарында:

– 1958 жылғы «Алтын доп» иегері, француз Раймон Копа,

– 1952 жылғы Олимпиада чемпионы, 1954 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ференц Пушкаш,

– Испанияның бес дүркін чемпионы, Чемпиондар лигасының үш дүркін жеңімпазы Фернандо Йерро,

– 2002 жылғы Чемпиондар лигасының жеңімпазы, португалиялық Луиш Фигу бар.

26 жастағы Мбаппе 2024 жылдың жазында «Реалға» ауысқан болатын. Команда сапында 59 матч өткізіп, 44 гол соғып, 5 нәтижелі пас берген. 2024/25 маусымының қорытындысы бойынша ол Еуропа футбол қауымдастықтары одағына (УЕФА) мүше елдер чемпионаттарының үздік сұрмергеніне берілетін «Алтын бутса» иегері атанды.

Бұған дейін Мбаппе Францияның «Пари Сен-Жермен» клубында ойнаған. Онда ол 5 рет Франция чемпионы, 3 мәрте ел кубогы мен суперкубок иегері, 2 рет Лига кубогының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ «Монако» клубының сапында Франция чемпионатын жеңіп алған.

Франция ұлттық құрамасы сапында (онда да 10-нөмірмен ойнайды) Мбаппе 2018 жылы Ресейде өткен әлем чемпионатының жеңімпазы және 2022 жылғы Катарда өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанды. Сол турнирде ол 8 гол соғып, үздік сұрмерген атанған. 2021 жылы Франция құрамасымен бірге Ұлттар лигасын жеңіп алды.

Айта кетейік, бұған дейін алматылық «Қайрат» футбол командасы UEFA Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде Финляндияның КуПС командасын жеңіп, жарыстың үшінші кезеңіне жолдама алғанын жаздық.