McDonald's Лондон Олимпиадасында рекорд орнатуға ниетті

АСТАНА. 26 маусым. ҚазАқпарат - Тез тамақтану мейрамханаларының халықаралық желісі McDonald's Лондонда өтетін ХХХ жазғы Олимпиада ойындары барысында рекорд орнатуға ниеттенуде.

Бұл үшін Олимпиада саябағында 1,5 мың адамға арналған шын мәнінде «флагмандық» мейрамхана ашылатын болады, деп хабарлайды РБК.

Аталмыш McDonald's-қа күн сайын 14 мыңнан кем емес адам келеді деп күтілуде. Бұл ретте, Олимпиададан кейін жабдықтар мен жиһаздардың төрттен үш бөлігі желінің басқа мейрамханаларында қайыра қолданылады.

Британдық емдәмшілер аталған жобаға қатысты өздерінің теріс пікірлерін айтып үлгерді. Өздерінің баяндамаларында олар McDonald's-тың Олимпиада кезінде ұсынатын мәзірі компанияның бүкіл әлемдегі желілерінен аз ерекшеленетінін атап өтеді. Жақында Корольдік медициналық колледждің мамандары семіздіктен зардап шегіп отырған Ұлыбритания үшін, Олимпиада ойындарының бас демеушілерінің бірі ретінде McDonald's-ты таңдауы қателік деп мәлімдеген болатын.