ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жүргізуші 23,5 тонна металды Ресейге жалған құжатпен әкетпек болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, экспорттық бақылау қызметкерлері «Сырым» автобекетінде Алматыдан Тольятти қаласына бет алған жүк көлігін тоқтатқан.
Жүргізуші берген ілеспе құжатта салмағы 23,5 тонна, құны 1,4 миллионнан астам теңге тұратын, медаль дайындауға арналған металл деп көрсетілген. Алайда, тексерген кезде аталмыш құжат жалған, электронды шот-фактуралар ақпараттық жүйе базасында жоқ болып шықты. Сонымен қатар жүк жөнелтуші тек тасымалдаумен айналысады, яғни тауардың шығу төркініне қатысы жоқ.
Қазіргі кезде табысты жасыру және салықты төлеуден жалтару мақсатында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан нақты жүк жөнелтушіні анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда дәріні Ресейге заңсыз шығармақ болған кәсіпорын анықталғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).