Медаль иелену оңай шаруа емес – Елсияр Қанағатов қысқы Олимпиада туралы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов қысқы Олимпиадаға қатысып жатқан қазақстандық спортшылардың нәтижесі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлі де алда жарыстар бар, қалашықта спортшыларға бар жағдай жасалған. Біз де өз көмегіміз бен қолдауымызды көрсетуге тырысып жатырмыз. Сондықтан, жанкүйерлерге рахмет, спортшыларды жігерлендіріп отырсаңыздар, басқа ештеңе қажет емес», - деді Елсияр Қанағатов ZOOM алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, спортшылардың нәтижесіне болжам жасау қиын.

«Тәуелсіздік алғалы қысқы Олимпиада ойындарында бар болғаны 8 медаль жеңіп алғанбыз, оның төртеуін жалғыз Владимир Смирнов алған. Медаль иелену оңай шаруа емес. Фристайл-могул бойынша көптеген елдерде бірнеше спортшы ғана біліктілік алады. Ал біздің елден төрт спортшы ойын көрсетті. Меніңше, бұл да жақсы жетістік. Әрине, алда әлі талай ойын бар. Біз үздік ондыққа енуге тиіс спортшылардың есімдерін бірнеше рет атадық. Біз сіздерді қуантуға дайынбыз. Бұл саланың мамандары қысқы спорт түрлерінің деңгейі туралы жақсы біледі. Елордада конькимен жүгіру спорты бойынша тек «Алау» мұз сарайы ғана жұмыс істейді. Осыған қарамастан, біздің спортшымыз әлем чемпионатында екінші орын алды», - деді Е. Қанағатов.

Бұған дейін Қазақстан Халықаралық олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков Бейжің Олимпиадасына қатысып жатқан қазақстандық спортшылардың аралық нәтижесін баяндаған еді.

Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Елена Круглыхина жүлдеден тыс қалғандары үшін жанкүйерлерден кешірім сұрады.

Ертең қазақстандық атлеттер спорттың 3 түрінен ел намысын қорғайды.