Медеу ауданының әкімі тұрғындар алдында есеп берді

None
АЛМАТЫ. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - "2010 жылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 387-бабына сәйкес, көріктендіру ережесін бұзу бойынша 829 әкімшілік хаттама толтырылып, 5 млн. 357 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, оның 1 млн. 666 мың теңгесі өндірілді.

3 заңсыз құрылыс қоқыстары ошақтары жойылды", -деді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов бүгін аудан тұрғындарымен кезекті есеп беру кездесуінде.

Оның айтуынша, қаланың жасыл аймақтарының үштен бір бөлігі Медеу ауданына тиесілі. "Аудан бойынша гүлзарлар отырғызу жұмыстары 13 шағын бақта, 2 көшеде, 2 жол айрықта және 1 саябақта жүргізіліп, 3979 шаршы метрді қамтыды. «Алматы қаласының саябақтары мен шағын бақтарын көгалдандыру және дамыту» бағдарламасының аясында «Достық» және «Офицерлер үйінің» шағын бағында жөндеу және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Ал, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қолданыстағы ережелер мен тәртіптерге сәйкес жалпы аумағы 65,93 гектарды құрайтын 1 саябақ, 27 тынымбақ, 8 желек жолдарына санитарлық тазалау, көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары жүргізілді",-деді ол.

Оның айтуынша жалпы аудан аумағында жүргізілген санитарлық тазалау, көгалдандыру мен көріктендіру және көшені жарықтандыру бойынша жұмыстарды атқару барысында 768,3 млн. теңге игерілген.

"Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар жеткілікті деңгейде атқарылған жоқ, сондықтан 2011 жылы қолда бар мүмкіндіктерді ескере отырып бірқатар шараларды жоспарлаудамыз. Оларды жүзеге асыру арқылы біз тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартып қана қоймай, қоршаған ортаны экологиялық ластанудан сақтайтын боламыз",-деді Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов.