«Медеу» мұз айдыны жанынан креативті индустриялар орталығы салынады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда Астана мен Алматыда және басқа өңірлерде креативті орталықтарға арналған үй-жайлар анықталуда. Онда жергілікті суретшілер, қолөнершілер, әртістер бірлесе жұмыс істеп, табысты жобаларға қол жеткізе алады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Алматыда І Креативті индустриялар апталығы аясында өтіп жатқан пленарлық отырыста мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мысалы, қолөнер секторын дамыту қажеттілігін ескере келе, елордалық Ұлттық музейдің үй-жайларын пайдалану мәселесі қайта қаралды. Бутиктер мен шеберханалары бар қолөнершілер орталығына 700 шаршы метр бөлу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, жақында Алматыда Халықаралық қолөнершілер форумы өтті. Шаһарға еліміздің түкпір-түкпірінен, Еуропа мен Орталық Азия елдерінен 300-ден астам шебер-қолөнершілер келді. Алдағы уақытта біз шынайы өнімдер арқылы өнер және мәдениет өкілдерін көп жұмыс орындарымен қамти аламыз»,- деді спикер.

Алматыда Медеу станциясының аспалы жолының жанында креативті индустриялар орталығына 1,5 мың шаршы метр жер бөлінді.

«Меншік иесімен бірлесіп инвестициялау және шығармашылық хабты бірлесіп басқару туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Хаб тұжырымдамасына арналған конкурс тамыз айында өткізілді және Креативті индустриялар апталығы аясында қосымша семинар өтеді. Онда тұжырымдама бүгінгі іс-шараға қатысатын жергілікті және шақырылған креативті хаб сарапшыларының көмегімен кристалданатын болады»,- Ержан Еркінбаев.

Жеке креативті хабтардан басқа, Министрлік креативті ұжымдар үшін үй-жайлар мен жабдықтарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін ведомстволық бағынысты ұйымдардың тізімін анықтады.

«Олардың тізіміне Қазақ концерт, Қазақфильм, әртүрлі филармониялар мен кітапханалар кірді. Біз осы мүмкіндікті басқа аймақтарда жарияламас бұрын дәл осы кәсіпорындарда ынтымақтастық моделін пилоттық режимде өткізу ұсынылады»,- деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.