Медеу шатқалында орын алған өрттің салдарын жоюға алматылықтар 65 млн. теңге жинады

АЛМАТЫ. 26 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Біз барлығымыз әсем қаламызды мақтан тұтамыз, шаһарымызды таусыз елестете алмаймыз. Қазіргі уақытта біз тауларға көмектесуіміз қажет», - деді бүгін Алматыда «Біздің тауларға көмектесейік!» акциясына арналған

қайырымдылық кешінде оңтүстік астананың әкімі Ахметжан Есімов.

«Бұл акцияға тұрғындар қызығушылық танытып, бей-жей қарамады. Тіпті олар табиғаттың «зұлым» күшімен келген апат салдарын жоюға қатысуға дайын екендіктерін жеткізді. Алматылықтар бұл жерде белсенділік пен қамқорлық таныта білді», - деді А. Есімов. Ол сондай-ақ бұл күндердің ішінде қордың арқасында 65 млн. теңге қаражат жиналғандығын атап өтті.

«Қаражат тазалау жұмыстарына, қар көшкінін ұстап тұратын құрылғылардың орналастырылуы мен Медеу шатқалында орналасқан Мохнатка және басқа да шыңдарда көшеттеу жұмыстарына бөлінеді», - деп атап өтті қала басшысы.