Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша, шара аясында бес жаңа туристік соқпақ жол ашылды. Олар: «Медеу» биік таулы спорт кешені - Горельник шатқалы, «Медеу» - Мыңжылқы шатқалы, «Медеу» - Бутаковка шатқалы, «Медеу» - Кімасар шатқалы және «Медеу» - Көкжайлау шатқалы. Бес топқа бөлінген белсенділер «KazakhAlpineClub» клубының инструкторларының көмегімен әрбір жаңа сүрлеуді жүріп өтті.
Сонымен қатар, «Алматы» және «Almatybroteam» клубының 100 велосипедшісі «Беладжио» мейрамханасынан «Медеу» биік таулы спорт кешеніне дейін - 7 шақырымдық велошеруге қатысты. Велосипедшілер Нияз Жанұзақов, Ғалымжан Жәңгіров және Дмитрий Ким бірінші болып келді.
Сондай-ақ, жартасқа өрмелеуден Алматы мектептерінің оқушылары арасында «Медеу» саябағының чемпионаты және «Mountain Racing» веложарысы өткізілді. Бұдан басқа, сенбілік ұйымдастырылды. Саябақ аумағы қоқыстар мен қурайлардан тазартылып, қылқан жапырақты 30 ағаш көшеті отырғызылды және ағаштарға құстар үшін 40 үйшік орнатылды.
«Саябақтар шеруіне» Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үрмелі оркестрінің музыканттары, шоу-бизнес жұлдыздары - Талғат Жорабаев, Mezzo квартеті, рэп орындаушы Сайлаубек, Асқар Көмекбаев, Айбо, Самат Рыскелдиев, Тимур Дастанов, «Шабыт» би тобы және басқалар қолдау көрсетті.
Айта кетелік, «Саябақтар шеруі» жыл сайын өткізіледі және табиғат аумақтары - қорықтар, ұлттық саябақтар, табиғат ескерткіштері және мемлекеттік өңірлік саябақтардың сақталуын қолдайтын адамдарды біріктіреді.