«Медеу» табиғи саябағының инфрақұрылымы бюджеттен тыс қаражат арқылы жаңартылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Медеу» табиғи саябағының инфрақұрылымы бюджеттен тыс қаражат арқылы жаңартылады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Медеу» табиғи саябағының инфрақұрылымын дамыту және жақсарту жөнінде таяуда қабылданған кешенді жоспарға сәйкес, оның 36 тармағының тоғызына қаржыландыру қажет емес. Ал төрт тармағы инвесторлар арқылы жүзеге асырылады», - делінген хабарламада.

Сонымен, жоспар бойынша саябақ аумағындағы мүсіндер, тарихи нысандар қайта қалпына келтіріледі және қосымша туристік бағдарлар енгізіледі.

Сонымен қатар, экологиялық ортаға зиянды әсерін азайту үшін, саябақ аумағына автокөліктердің кіруіне шектеу қойылады.

Ал «Медеу» спорт кешені мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасы арасында арнайы бағдар ашылады. Мұнда екі базаның арасына табиғи отынмен жүретін «ShuttleBus» автокөлігі қатынайтын болады.

Сондай-ақ, саябақта экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көшет отырғызу жұмыстары жандандырылады және олар кенеге қарсы химиялық және биологиялық өңдеуден өткізіліп тұрады.

Алматы қаласының әкімдігі «Медеу» табиғи саябағының инфрақұрылымын дамыту және жақсарту жұмыстарын инвесторлардың, қоғамдық ұйымдардың және қала тұрғындарының көмегіне сүйеніп, жүзеге асыруға ниетті.

Бұл үшін арнайы Үйлестіру кеңесі құрылады, сондай-ақ, саябақ аумағында сенбіліктер, ашық байқаулар, мәдени-көпшілік және қызықты спорт шаралары өткізілетін болады.