Медеуде төрт рет Эверест шыңын бағындырған альпинист Анатолий Букреевтің мүсіні орнатылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Медеу шатқалында көрнекті қазақстандық альпинист Анатолий Букреевке арналған мүсін салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мүсіннің авторы – Нұрлан Далбай. Ол Анатолий Букреевті құзға шығар алдында сәл демалып тұрған кейпінде бейнелеген. Альпинистің қолы мұз шапқышқа тиіп тұр. Мүсін Нұрлан Смағұлов қорының бастамасымен және қолдауымен орнатылды.

«Аты аңызға айналған жерлесіміз, альпинист Анатолий Букреевке арналған мүсін композицияны орнату туралы бастамамен белгілі меценат, кәсіпкер Нұрлан Смағұлов әкімдікке өтініш білдіргенде, біз бұл идеяны зор ынтамен қолдадық. Анатолий Букреев шын мәнінде аты аңызға айналған адам. Ол еліміздің, қаламыздың, тауымыздың, спортымыздың даңқын асқақтатты», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.

Салтанатты шараға арнайы келген альпинизмнен Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы, тәлімгер және Букреевтің досы Ерванд Ильинский, журналист және аты аңызға айналған альпинистің күнделіктеріне негізделген Букреев туралы «Над облаками» кітабының авторы Галина Муленковалар спортшы туралы естеліктер айтты.

«Ол Алматыға үшінші разрядпен келіп, біздің қазақстандық құрамаға альпинизммен айналысу үшін арнайы келгенін айтты. Ол командаға қосылу үшін тиісті стандарттарға сай болуы керек еді. Қазақстан құрамасының құрамында ол бірнеше күрделі шыңды бағындырды, спорт шебері болды, содан кейін КСРО құрамасына қабылданды. Канченджангаға екінші кеңестік Гималай экспедициясының мүшесі болды. Осыдан кейін ол сегіз мыңдық биікке көтеріліп, біздің командада Кеңес Одағының чемпионы атанды. Кейін оны шетелдіктер шақыра бастады. Ол құтқару жұмыстарына да қатысты. Мәселен, Эверестте 2-3 адамды құтқарып қалды», – деді Ерванд Ильинский.

2023 жылдың 16 қаңтарында Букреев 65 жасқа толар еді. Анатолий Николаевич – биік таудағы альпинист, еңбек сіңірген спорт шебері, «Қар барысы» атағының иегері, сегіз мыңдық планетаның 14 тауының 11-ін және төрт рет Эверестті бағындырған. Оның Эверестке көтерілуінің бірі Балтазар Кормакурдың «Эверест» голливудтық фильмінің негізі болды. Анатолий Букреев – «Ерлігі үшін» орденінің иегері (1989), өз өміріне қауіп төне тұрса да, тауда адамдарды құтқарған альпинистерге берілетін америкалық альпинизм клубының ең жоғары наградасы — Дэвид Соулс медалінің иегері (1997), қайтыс болғаннан кейін қазақстандық «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды (1998).