Бұл пікірді бүгін елордада өтіп жатқан «Көпұлысты қоғамдағы медиация: теориясы мен тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми семинар-практикум барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов білдірді.
Жақында ғана қабылданған медиацияға байланысты Қазақстан заңының бүгінде бүкіл қоғамға таныс екендігін айтқан оның пайымынша, аталған құжатта жалпы мемлекеттің тұрақтылығы, қоғамдық келісім мәселесіне баса назар аударылған. Бұл Ассамблеяның жұмысымен тікелей байланысты.
«Жалпы медиация мәселесін екі арадағы қарым-қатынасты реттеуші адам ретінде қарастыру керек. Мұндай дәстүр қазақтың даласында қарым-қатынаста, жалпы еларалық, руаралық, мемлекетаралық қарым-қатынастың ішінде үлкен рөлі бар екендігі айқын», - деді Е.Тоғжанов.
Екі күнге созылатын алқалы жиынның негізгі мақсаты медиацияны пайдалану техникалары мен тетіктерін оқыту, этносаралық өзара байланысты байытуды дамытуға ықпал ететін дағдыларды игеру, осы мәселедегі Қазақстанның тәжірибесін талқылау, қоғамдық келісім, төзімділік және ұлттық бірлікті нығайтумен байланысты Ассамблея қызметінің жаңа бағыттарын іздеу болып табылады.