Медицина маманы клиницист, зерттеуші және педагог болғанда ғана мемлекет алға қойған міндеттер талапқа сай орындалады - медициналық форум

ТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Медицина маманы клиницист, зерттеуші және педагог болуы керек. Сонда ғана біз алдымызға мемлекет қойған,

Елбасы қойған міндеттерді талапқа сай атқарамыз»,-дейді «Ұлттық медициналық холдинг» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасының орынбасары Тамара Ващенкова. Бұл пікірін ол Астанада өтіп жатқан «Болашақ госпиталі» II халықаралық медициналық іскерлік форумында білдірді.

Т.Ващенкованың пайымдауынша, медицина маманы педагог болса ғана, қалың көпшілік оның сөзіне құлақ асып, айтқандарын тыңдайтын болады. «Медицина маманы өзінің білетінін өзгелерге үйрете алатын педагогқа тән қасиет иесі болғанда ғана біздің денсаулық сақтау жүйеміз жетіле түседі. Ал медицина маманы зерттеуші болуы керек деген мәселеге келетін болсақ, бүгінгі таңда ғылым өте үлкен қарқынмен дамып келе жатыр. Ал сол қарқынға ілесе алмаған маман, азаматтарға дер кезінде әрі сапалы көмек көрсете алмайды. Ал диагностика мен емдеудің қазіргі заманғы тәсілдерін меңгерген, ауруды бірден анықтап, оның диагнозын қоя алатын клиницистер бүгінгі денсаулық сақтау саласына аса қажет мамандық иелері»,-деді Басқарма төрағасының орынбасары.