Айта кетейік, өткен жылы еліміздің медициналық ұйымдарында 3884 шетелдік пациент емделген, олардың ішінде 85% (3303 адам) шұғыл және 15% (581 адам) жоспарлы тәртіппен түскен.
«Бұл үшін елімізде түрлі инновациялық технологиялар енгізілуде. 2021 жылы «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ базасында Орталық Азия елдерінде алғашқылардың бірі болып гамма-пышақ орталығы ашылды, ол орталық жүйке жүйесінің ауруларын радиохирургиялық емдеудің «алтын стандарты» болып саналады. Гамма-пышақ радиохирургиялық қондырғысы іске қосылған 2021 жылғы 27 мамырдан бері 750-ден астам ота жасалды. Оған қоса, Ұлттық ғылыми онкология орталығы салынып жатыр, онда протон, радионуклид, лазерлік терапия орталықтарын ашу жоспарланған», - деп жазылған департамент хабарламасында.
Медициналық туризм саласының ағымдағы жай-күйін бағалау Қазақстанға емделуге келетін шетелдік азаматтарда нейрохирургия, кардиохирургия, трансплантология, репродуктология (ЭКО), ортопедия және травматология, стоматология бағыттары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
«Жалпы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда медициналық туризмді дамыту бастаманы қолдайды. Жылжымалы медициналық туризмді одан әрі дамыту жұмыстары 2023 жылға арналған шаралар жоспары бойынша жалғасады», - дейді Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті.
Қазақстандықтар өткен жылы бюджет қаражаты есебінен Түркия, Ресей, Германияға ем алуға жіберілген.