Облыс әкімі Алтай Көлгіновпен өткен кездесуде Еуропа мен Азияны жалғастырып жатқан Батыс Қазақстанның болашағы талқыланды.
Осы орайда өңір басшысы облыстың тыныс-тіршілігімен таныстырып, алда тұрған жоба-жоспарлар жөнінде әңгімелеп берді.
Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарманның айтуынша, инвестициялар тартылса, көптеген жобаларды жүзеге асыруға болады. Денсаулық сақтау, сондай-ақ білім беру саласында кадр даярлауға байланысты өзекті мәселелер жоқ емес.
Бұл ретте Оралда медицина мамандарын, оқытушыларды жоғары технологиялар бойынша оқыту үшін Қазақстан ғана емес, Еуропаның да білім беру жүйесіндегі озық жетістіктерді пайдалануға болады. Сонымен қатар халыққа қызмет көрсетуде, инфрақұрылымды дамытуда цифрландыру мүмкіндіктерін қолдана білген маңызды. Қазіргі таңда облыста адамды емханаға неғұрлым тез жеткізу бағытында жобалар қолға алынуда. Шындығында да жарақат алған немесе басқалай қиын жағдайда қалған адамға медициналық көмек уақтылы көрсетілуі керек. Азаматтар да өзінің денсаулығы туралы хабардар болып, өзі шешім қабылдай білуі тиіс.
Кездесуде сондай-ақ мектеп медицинасын дамыту мәселелері сөз болды. Өйткені адам кішкентайынан өз денсаулығына мұқият қараса, мұның тиімділігі жоғары болмақ.
«Қазақстанда қазіргі заманғы диагностикамен және емдеу жабдығымен қамту біршама жақсы жолға қойылған. Дегенмен технологиялық элементтер, соның ішінде компьютерлік томография, магниттік-резонанстық томография және басқаларының арасындағы байланысты реттеу үшін инфракоммуникациялық құрылымды енгізген абзал. Екіншіден, көптеген емделушілер диагнозын анықтау үшін шетелге немесе Қазақстанның басқа қалаларындағы медицина мекемелеріне барады. Міне, осыны телемедицина, ғаламтордың көмегімен реттеуге болады. Мұндай технологияны Орал қаласында толық енгізуге болады», - деді Алмаз Шарман.