Медициналық анықтама жасайтын алаяқтар қанша пайда табады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана - адалдық алаңы» жобасы аясында жалған медициналық анықтамаларды жасайтындардың табысы жарияланды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоба жетекшісі Жазира Жылқышиеваның айтуынша, бүгінде Астана бойынша 11 емxананың 086 үлгісіндегі медициналық анықтаны беруге рұқсаты бар. Өткен жылы аталған мекемелерде 30 мыңға жуық анықтама берілді. Әрбір анықтаманың бағасы - 7 мың теңге.

«Күні кеше Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті медициналық анықтамаларды қолдан жасап келген қылмыстық топты ұстады. Олар өз үйлерінде жалған медициналық құжаттарды жасаған. Енді қараңыз, дәл осы жағдайда күніне 10 жалған медициналық анықтама беріліп отырды. Сонда бір ғана қылмыстық топ жылына 3 650 анықтама жасай алады. Демек, Астананың емxаналары бір жылдың ішінде 25 550 000 теңгеден қағылып отыр. Ол - тек 086 үлгісіндегі анықтаманың шығыны ғана», - деді Ж.Жылқышиева Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, аталған қаржыға емxаналардың жағдайын жақсартуға, сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысын көтеруге болатын еді. "Бұл - қаржылай жағы ғана. Ал аталған мәселенің маңызды бір жағына зер салсақ, жалған медициналық анықтаманы сатып алатын адамның денсаулығын ешкім тексермейді. Сізге тамақ әкелген даяшы, шашыңызды алып жатқан шаштараз, автобуста дәл жаныңызда отырған мигрант сол медициналық анықтаманы сатып алуы әбден мүмкін. Бірақ өзге адамдарға қауіпті сырқатпен ауырып жүргенін білмейді», - деп атап көрсетті Ж.Жылқышиева.

Айта кетейік, бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Астанада медициналық құжаттарды қолдан жасаған қылмыстық топ құрықталғанын жариялады. Баспасөз мәслиxатында аталған топтың видеосы да көрсетілді.