Медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтар Ashyq жүйесінен қалай өтеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавиурс вакцинасына медициналық қарсы көрсетілімі бар азаматтардың адам көп жиналатын орындарға бармағаны дұрыс. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова осындай кеңес берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарға қатысты нұсқауымыз өзгерген жоқ. Ондай адамдарға демалыс күндері халық көп жиналатын орындарға бармауға кеңес береміз. Өйткені, медициналық қарсы көрсетілімі болғанның өзі қатер аймағында екенін көрсетеді. Бірақ қатты қажет болса, екпеден босатылғаны туралы анықтамасын көрсету арқылы демалыс күндері көздеген нысанына кіре алады. Негізі біз медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарға демалыс күндері үйде қалуға кеңес береміз», - деді комитет өкілі.

Сондай-ақ, ол вакцинаға уақытша және тұрақты медициналық қарсы көрсетілім бар адамдардың бірыңғай базасы құрылатынын атады.

«Уақытша және тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдардың базасы үнемі толықтырылып жатыр. Вакцинаның жаңа түрлері келіп жатқандықтан, тізім жаңаруда. Жуықта бұл бойынша қосымша ақпарат береміз», - деді Зәуре Ахметова.