Медициналық қызметті сатып алудың жаңа ережесі әзірленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жағдайында медициналық қызметті сатып алудың жаңа ережесін әзірледі. Бұл туралы бүгін аталған ведомствоның басшысы Елжан Біртанов Алматыда мемлекеттік және жеке меншік медицина ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде денсаулық субъектілерінен қызмет түрлерін сатып алу ережесі әзірленді. Қазіргі таңда тиісті бұйрық жобасы талқыланып, келісіліп жатыр»  - деп хабарлады Е.Біртанов.

Министрлік баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа ережелер бизнес субъектілерінің кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында қызмет көрсету тәртібін жеңілдетеді.

Белгілі болғандай, денсаулық сақтау нысандарынан талап етілетін құжаттар 22 пайызға, ал, бастапқы медициналық құжаттама формалары 30 пайызға қысқартылды.

Медициналық сақтандыруды енгізудің басты мақсаттарының бірі - ол  әрбір мұқтаж адамға отбасылық бюджетіне залал келтірмей, оның кіріс  қаражатына қарамастан қажетті медициналық көмекпен қамтамасыз ету болып табылады.

Ведомство басшысы медициналық қызмет сапасы туралы айта келе,  науқаста медициналық сақтандыру жағдайында клиниканы және кәсіби дәрігерді таңдау мүмкіндігі болатынына назар аударды.

Денсаулық сақтау министрлігі қазір медициналық бизнеске кедергілерді жою және нарықта бәсекелестікке ынталандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Негізсіз 28 санитарлық ережелер жойылды, 24 құжатқа өзгерістер енгізіліп, бизнес үшін жағдайды жақсартатын 300-ден астам нормативтік актілер қарастырылуда.  Мемлекеттің 14 реттуші функциясын нарыққа беру қарастырылуда. Атап айтқанда, дәрігерлерге дәреже беру, олардың білімін бағалау кәсіби қауымдастықтардың құзырында болмақ. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң күшіне енеді. Заң талаптары бойынша ең алдымен сақтандыру жарнасын жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер төлейді.