Медициналық пойыздар 2012 жылдың басынан бастап 8 000-нан астам қазақстандыққа қызмет көрсеткен.
«Саламатты Қазақстан» пойызы 2012 жылдың 19 ақпанында Қарағанды стансасынан жергілікті уақыт бойынша сағат 20:15-те жолға аттанды. Пойыз бригадасы 10 наурызға дейін Көкшетау маңындағы Смирново, Қиялы, Тайынша, Макинка, Елтай стансаларын аралап, барлығы 1 376 шақырым жолды жүріп өтеді. Қалған екі медициналық «Денсаулық» пен «Жәрдем» пойыздары Алматы-2 мен Ақтөбе стансаларынан бүгін жолға аттанбақ.
Алдында 2 599 адамға қызмет көрсеткен «Денсаулық» пойызы үстіміздегі жылдың 20 ақпанынан 6 наурызына дейін Алматы облысының 548 шақырымға созылатын 11 стансасын, оның ішінде Жетіген, Отар, Шилібастау, Шамалған және тағы басқа стансаларды басып өтеді.
Арнайы емдік-диагностикалық медициналық «Жәрдем» пойызы 2000 шақырымдық жол жүріп, Ақтөбе облысының 30 стансасын аралайды. Әйтеке би, Никельтау, Ізімбет, Біршоғыр, Көпмола, Шұбарқұдық сынды стансалардың тұрғындары жоғары білікті мамандардың назарынан тыс қалмайды. Бірінші маршрут кезінде «Жәрдем» пойызы Батыс Қазақстан облысының 8 станса мен разъездеріне ат басын тіреген. Медициналық көмекке 1 854 адам жүгінген болатын.
Барлық үш медициналық пойыз алдында барған стансаларға тоқтамай, жаңа елдімекен тұрғындарына көмек беретінін атап өткен жөн.